Ақтөбеде жыл басынан бері 502 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 2022-2026 жылдары негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 7,2 млрд теңгені құрайды. Биыл 502 млрд теңге инвестиция салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жыл басынан бері 502 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Ақтөбе облысында мұнай-газ, тау-кен саласы жетекші рөл атқарады. Жоспар бойынша алдағы жылдары да осы салаға тартылатын инвестиция артпақ.

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымовтың айтуынша, 2022-2026 жылдары аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,2 миллиард теңгені құрайды.

Ал тікелей шетелдік инвестиция 6,6 млрд АҚШ доллары болмақ.

«Биыл 8 айда 502,7 млрд теңге сомасында инвестиция тартылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 103,4% құрады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 5,7 млрд теңгеге өсіп,е 47,6 млрд теңгені құрады. Биыл тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласына 316 млн АҚШ долларын құра йтын тікелей шетелдік инвестиция тартылды», - деді облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымов.

Биыл облыс бойынша туризм және сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ химиясы, құрылыс және тағы да басқа салаларға 90,6 млрд теңгеге 30 жоба іске асады.

Қазіргі кезде тең жартысына жуығы жүзеге асып, 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

Айта кетейік, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша облыс өнеркәсібінің өсімі 102,4% құрады. Статистикалық ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі мыңнан астам кәсіпорында 80 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Өнеркәсіп саласындағы орташа жалақы 337,1 мың теңгені құрады.