Ақтөбеде жыл сайын миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі

Ақтөбеде Құрылысшылар күніне арналған мерекелік жиын өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізгендерін «Құрметті құрылысшы» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаевтың алғыс хаттарымен марапаттады.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысы жанданды. 2013 жылы қазіргі Есет батыр тұрғын үй алабының құрылысы басталса, қазір мұнда 11 мыңға жуық отбасы тұрады. Қазіргі таңда Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қала аумағында Бауырластар, Рауан, Ақжар, Ақшат, Жаңақоныс және басқа да тұрғын үй алаптары салынып жатыр.
«Соңғы үш жылда облыс бойынша 3,2 млн ш.м. тұрғын үй немесе 22,1 мың пәтер пайдалануға берілді. Тұрғындар үшін жаңа мектептер, ауруханалар, спорттық және мәдени нысандар салынды. Бүгін біз барша құрылысшыларға ел мен қоғам игілігі жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғысымызды білдіреміз», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Сонымен қатар шара барысында облыс әкімі «Нектар» ӨК басшысы Шамиль Каспрановты 75 жасымен құттықтап, алғыс хат табыстады.
2022 жылдың жеті ай қорытындысына сәйкес барлық қаржыландыру есебі облыс бойынша 426 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,7% құрайды. Жылдың соңына дейін аталған көрсеткішті 1,2 млн ш.м. дейін жеткізу жоспарланған.