Ақтөбедегі боран: Төтенше жағдай жарияланған бір ауданның шығыны есептелді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Боран кезінде Әйтеке би ауданында мектептің шатыры, қасбеті ұшып, өрт сөндіру бөлімі ғимараты зақымданды. Қазіргі кезде шығын көлемі есептілді.
Ақтөбе облысы Әйтеке би және Хромтау аудандарында үй, мектеп шатыры ұшып, әлеуметтік нысанның қасбеті зақымданды. Қазіргі кезде Әйтеке би ауданындағы шығын есептелді.
- Қарабұтақ ауылы Шевченко атындағы мектептің шатырын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау қажет. Қазір мердігер мекеме жобаны дайындап жатыр. Қалпына келтіру құны шамамен 55-60 млн теңге болады. Облыстық білім басқармасы арқылы облыстық резервтен қаржыландырылады. Үшқатты ауылындағы мектептің бір жақ қасбетін жөндеу шығыны 1,5 млн теңгеге шығып тұр. Оны 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме келісімшарт кепілдемесі аясында жасайды. Ал Әйке ауылындағы Өрт сөндіру бекетінің шатырын қалпына келтіруге 800 мың теңге қажет. Ол аудандық резерв қаражытымен жөнделеді, - деп хабарлады Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Хромтау ауданында әзірге шығын есептеліп жатыр. Мұндағы бес қабатты үйдің шатырынан өзге ғимаратқа қандай зақым келгені белгісіз.
Ал Ақтөбе қаласында көпқабатты бес үйдің шатыры бүлінді.