Ақтөбедегі Елек өзенінде балық қырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе су қоймасынан жіберілген судың ағысы қатты болып, балыққа зақым келді. Кейін өзенде су деңгейі төмендеп, балық жағаға шығып қалды.

Ақтөбеде Елек өзенінде балықтың қырылғаны туралы ақпарат тарады.
Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары оқиға орнына барып, тексеру жүргізді.
- Бүгін тексеру барысында Ақтөбе су қоймасының бөгетінен төмен орналасқан Елек өзенінде балықтың өлу дерегін анықтады. Шолу кезінде балықтың сыртқы дене жарақаттары анықталды. Болжам бойынша су қоймасынан су жіберіліп, қатты ағыс кезінде бөгетің төменгі құрылысына ұрылып, соғылған болуы мүмкін. Қазіргі уақытта су қоймасынан су жіберу тоқтатылған. Нәтижесінде Елек өзеніндегі су деңгейі төмендеп, өлген балықтар жағалауға шығып қалған. Зертханалық зерттеулер үшін су мен балық сынама алынып, өлген балықтарды жинау жұмыстары ұйымдастырылды. Нақты себебі зертханалық қорытындыдан соң анықталады,- деп хабарлады Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.
Еске салсақ, сәуір айында Ырғыз ауданы Ақөткел өзекшесінде балық қырылды. Өзекшеден 70 келі өлі балық жиналды.