Ақтөбедегі ескерткіштер санын білуге әлі 3-4 жыл уақыт қажет – Фархад Досмұратов

Ақтөбе облысында қанша тарихи ескерткіштің бар екенін анықтау үшін әлі 3-4 жыл уақыт керек. Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы бірегей тарихи ескеркіш – Алмат тамын қалпына келтіру жұмыстарымен және ондағы жерлеу рәсімінің әлі күнге дейін бірен-саран сақталғанын Kazinform тілшісіне айтып берді.

Фархад Досмұратов
Фото: Алтынай Сағындықова

- Тарихты таныту үшін қайта жаңғырту, ескерткіштерді түпнұсқа күйінде сақтап қалу – ең жауыпты әрі ауыр іс. Қазір өзі бізде қанша ескерткіш бар? Түгелденді ме?

- Елімізде «Мәдениет туралы» Заң, Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы бар. Осы заңдар аясында Ақтөбе облысындағы тарихи орындарды қорғап, сақтау үшін үш бағыт нақтыланды. Біріншіден, Ақтөбе облысындағы ескерткіштердің санын анықтау. Кезінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов «Айқын» газетіне Қазақстанда бірде-бір облыс әкімі, бірде-бір мәдениет басқармасының басшысы өз территориясында қанша ескерткіш бар екенін нақты білмейтінін жазды. Бұл осыдан оншақты жыл бұрын болды. Оқыдым, ойландым. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында мемлекеттік қорғауға алынған 872 ескерткіш бар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали «аспирант боп жүріп Ақтөбе облысын зерттеуге келгенде өңірде мемлекеттік қорғауға алынған екі-ақ ескерткіш болды» деп айтады. Бұл – өткен ғасырдың 80-жылдарын айтқаны. Бірі – Байғанин ауданындағы Асан қожа қорымы, екіншісі – Шалқардағы Есет-Дәрібай. Содан 2010 жылы мемлекеттік тіркеу өтіп, 650-ге жетті. 2023 жылдың шілдесінде 872 болды. Бұл – мемлекеттік қорғауға алынғаны ғана. Одан бөлек мемлекеттік қорғауға алынбаған 1430 ескерткіш бар. Мұны қосымша тізім деп жүрміз. Бәрінің паспорты қолымызда, бірақ қазір ескерткіш бар ма, жоқ па белгісіз? Себебі, сарғайған паспорт өткен ғасырдың 80-жылдары жасалған.

- Демек әлі санақ жүріп жатыр. Ал екінші бағытымыз қандай?

- Екіншісі – Ақтөбе облысындағы ескерткіштерді қайта қалпына келтіруге бағытталған жұмыс. Ең маңыздысы да осы. Өйткені, 90-жылдары Ұлттық тарих жылы, кейін «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары болып, ескерткіштерді зерттеуге күш салды. Ғылыми айналымға енгені де, жойылып кеткені де бар. Қанша мықты болса да ескерткіштердің материалы екі ғасырға ғана шыдас береді. Жылқының қылын, биенің сүтін қоссаң да көп дегенде 200 жылға ғана жетеді. 2019 жылдан бері «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағдарламасы аясында Жол картасы белгіленді. Нәтижесінде 2022 жылы Қобда ауданына апарар тасжол бойындағы Шәкен ишан мешіті қалпына келтірілді. Биыл Ырғыздағы Алмат тамы жаңарды. Алдымен археологтер қазып, зерттеу жүргізді. Барлығы 23 адам жерленген. Мақсат – XIX ғасырда қазақ тарихында болған архитектураны көрсету. Кірпіші Ресейдің Челябі қаласынан әкелінді. Себебі, елімізде реставрацияға арналған кірпіш шығарылмайды. Әрине ескі кірпіші алдын ала зерттелді, сараптама жасалды, құрамы анықталды. Содан кейін ғана кірпіші құйылды. Алмат тамы секілді мавзолей Қазақстан түгілі, Орта Азияда жоқ. Жерлеу дәстүрі де өзгеше. Қайтыс болған адамды ақ шүберекке орап, орталық күмбезге қояды. Оны көмбейді, мавзолейде сақталады. Келесі біреу қайтыс болғанда алдыңғысының сүйегін өзге күмбезде қазылған арнайы орынға тастайды. Жаңасын ортаңғы күзбезге қояды. Алмат сардар, тілмаш болған. Баласы – Самұрат. Ол Хиуа, Бұқара көрген. Деректерге сүйенсек, жерлеу орны 1886-1888 жылдары салынған. Алматтың өзі 1892 жылы көз жұмып, осында қойылған. Ал соңғы адамның денесі шамамен 1963 қойылды. 1979 жылы Әбіш Кекілбаев барып, ерекшелігін баса айтты. Дәл осы мавзолейден 5-6 шақырым қашықтықта қорым бар. 2017 жылы дәл осы үлгіде бір адам қойылған. Үлкен кісі «өлсем осы жерге әкелесіңдер» деп өсиет айтқан. Жанында әйелі, немересі жатыр. Өткен жылы күзде барып, көрдім. Есік, терезесі бар, аң-құс тиіспейді. Сонымен бірге Мұғалжардағы Көкмешіт те қалпына келтірілді. Досжан ишан кешенінде археологтер қазба жұмысын жүргізді. Биыл медресе, келер жылы мешіт, кейін мұнарасы бар. Қазір жергілікті ғана емес, республикалық бюджеттен де қаржы бөлініп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Ескерткіштерді сақтаудың бірден-бір жолы қорымды қоршау дер едім. Мал өтіп, адам бейберекет кіріп-шықпас үшін жасалған амал.

- Үшінші бағытты тарқатып айтып берсеңіз...

- Бұл – Ақтөбе облысындағы ескерткіштерді ғылыми тұрғыда зерттеу бағыты. 2019 жылы Темір ауданынан «алтын адам» табылды. Қалпына келтіріліп, қазір облыстық музейде сақтаулы тұр. Сонымен бірге Доңызтау экспедициясы жанданды. Ол аймақтағы ескерткіш қазақ екеніңді еске түсіреді. Әр мемлекеттік қызметші барып көрсе де артықтық етпейтін тарихи орын дер едім. Ескерткіштерді зерттеу, олардың сызбаларын, фотосын, бейнематериалын сақтау – жауапты жұмыс. Осы мақсатта қазір көп іс атқарылып жатыр.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

- Ескерткіштердің неше түрі бар?

- Бес түрге бөлінеді. Біріншісі – монумент, екіншісі – қала құрылысы, үшіншісі – археологиялық қорған, төртіншісі – киелі орындар болып тұр. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығып, 2019 жылы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді де, киелі орындар ұғымы пайда болды. Бесіншісі болса, ансамбль деп аталады. Ол бізде – алтау. Бір сөзбен айтқанда «өлілердің қаласы» бұл. Осы тұста киелі нысандарға QR код орнату міндеттелгенін айта кеткен жөн. Құптарлық іс. Заманға сай кез келген адам барып, QR код арқылы ақпарат алып, таныса алады. Барлығы облыс бойынша 149 QR код енгізілді. Көбі қалада. Бәріне орнатудың қажеті жоқ. Ең көп баратын, танымалы ғана таңдалды. Бізде зерттелмеген, бірақ тізімде бар төмпешік көп. Ол туралы бір ғана сөйлем жазып қойсақ, дұрыс емес.

- Енді ескерткіштерді түгел тізіп шығуға қанша уақыт керек?

- 2020 жылы Ақтөбе қаласының территориясын қарап шықтық. Қалада 166 қорған, 76 архитектуралық ескерткіш анықталды. Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет бөлімдеріне бар мәліметті бердік. Қаланың бас жоспарында бәрі тайға таңда басқандай белгіленген. Жол салса да, сауда орнын ашса да бізге келетін еді, енді өз қолындағы ақпаратқа сүйене алады. Бұған дейін тұрғын үй, жол құрылысы жобасы кезінде қорғандар ескерілмей, қазба жұмысын жүргізуге, сүйекті қазып алып, өзге жерге жерлеуге тура келді. Табылған дүниелері музейге жіберілді. Бәрі сақ-сармат дәуіріндегі қорғандар болып шықты.

- Бұрын егін алқабы, кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерде қорғандардың қалып қойғаны жиі айтылатын. Қазір жағдай қалай?

- Мұндай әлі бар. «Ескерткіш мемлекет қорғауында» деп тақтайша іліп қоямыз, ал ол жерге күнбағыс егілген. Әлі солай ғой. Сондай-ақ қала секілді облыстағы 12 ауданда да түгелдеу жұмысы жүріп жатыр. Қарғалы мен Мәртөктегі жұмыс аяқталды. Ойыл мен Қобдада тізім жасалды. Аудан әкімі, ауылдық округ әкімдеріне береміз. Олар жер сұрап келгендерге рұқсат берер кезде сол кітапқа жүгінсе болады. 3-4 жылда Ақтөбе облысындағы ескерткіштердің нақты саны белгілі болады.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

- Тарихи ескерткіштер зерттеліп жатыр дегенімізбен кейде тың дүниелер айтылып жатады. Бұл сенсация жасауға ұмтылу ма, әлде ақтаңдақтың көптігі ме?

- Қазір бізде түске дейін біреу атасын, түстен кейін бабасын іздейді. Ескерткішке неге қармайсыңдар? Айтатыны осы. Бізге құр болжам емес, ғылыми дәлел керек. Архив ақтарса, табылары сөзсіз. Ал бізде ізденбейді, ауызша айтып, талап қояды. Мәселен, Исатай батыр кесенесі бар, ғылыми дәлел жоқ. Бөкенбай батыр шоқысы бар, тас қойылғанымен, нақтыланбаған. Әбілқайыр хан кесенесін 1979 жылдан бастап зерттеп, 2012 жылы дәлелдеді. Ғылымның 12 саласы қатысты. Дәл осындай болуы керек. Бәрі уақыт пен қаржыға тіркеледі. Бізде сол екеуін айналып өтіп, Мамай батырға, Былшық биге деп кесене салып қояды. Байқазақтың топырағын әкеліп, кесенесіне салып, соған табынып жүреді. Бір айтарым – ғылыми тұрғыдан зерттелген соң қорғауға алмаймыз. Тіпті жер алуға рұқсат сұрамайды да кейбірі. Барады, салып қояды.

- Қалада ше?

- Қаладағы ескерткіштерді балалар бүлдіріп кетіп жатыр. Сурет салады, бояп қояды, сындырады. Вандализм мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы 17 ескерткішке камера орнатылған. Қосымша тізім берілді. Жұмыс жалғасады. Аудандарда да камера бар. Облыс бойынша камера саны – 27. Ескерткішті тоқсан сайын қарап, бүлдіру дерегі анықталса, әкімдіктеріне хат жазылады.

- Әңгімеңізге рахмет.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

 

Соңғы жаңалықтар