Ақтөбедегі газ құю бекеттерінде әлі де ұзын-сонар кезек бар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында газ әлі де тапшы. Ұзын-сонар кезек барлық газ құю бекетінде бар. 

Ақтөбедегі газ құю бекеттерінде әлі де ұзын-сонар кезек бар
Фото, видео: Алтынай Сағындықова

Жаз айларында басталған тапшылық күз келгенде әлі жалғасып жатыр. Қыркүйек пен қазан айларында ұзын-сонар кезек түзеліп, жүргізушілер сағаттап күтуге мәжбүр.

– Бүгінгі күні Ақтөбе облысының әкімдігі газ тапшылығын және автогаз құю станцияларында кезекті болдырмау мақсатында бірқатар жұмыс атқарды. Атап айтқанда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен арадағы келісім бойынша 1 қараша күні 36 вагон (1 296 тонна) газ жөнелтіледі. Бұл газ болжам бойынша 2 қарашада бекеттерге жеткізіледі. Сондай-ақ өңірге газдың қосымша көлемін бөлу мәселесі пысықталды. Нәтижесінде Шымкенттік зауыттан 900 тонна газ бөлінді. Бұл сұйытылған газ өңірге 7-8 қараша күндері жеткізіледі деп жоспарланған. Газ тапшылығы мәселесі алдағы демалыс күндері шешілуі мүмкін. Аталған мәселе бақылауда болып, өзге де жұмыстар атқарылады, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі қазан айына 11 388 тонна газ бөлгенін жазған едік.

Энергетика министрлігі газ тапшылығы мәселесін бағаның төмен болуымен байланыстырды.

Соңғы жаңалықтар