Ақтөбедегі музыкалық колледж студенттері Димаш Құдайбергеннің туған күніне сыйлық жасады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледж студенттері әнші Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әндерді шырқады. Оның ұстазы Марат Әйтімов бейнеқұттықтауын жеткізіп, әншінің студент күніндегі қызықтарын айтып берді.

Димаш 30 жас
Фото: Алтынай Сағындықова

Бүгін әнші Димаш Құдайберген 30 жасқа толды. Туған күніне орай А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледж студенттері музыкалық кеш өткізді. Онда әншінің репертуарындағы әндер орындалды. 

- Димаштың репертуарындағы «Қазақстан» әнін квартет болып орындадық. Патриоттық сезімді оятып, рух беретін ән бізге де ұнайды. Біз Димашқа ұқсатып емес, өз бояуымызбен шырқап шықтық. Өзім әншіні көрмедім. Менің ойымша колледж студенттерінің бәрі де онымен жүздескісі келеді деп ойлаймын. Біздің колледжде оның аты жиі айтылып, құрмет көрсетіледі,- деді колледж студенті Гүлім Серік. 

Димаш 30 жас
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Димаш Құдайберген А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовтен дәріс алды. Қазір ұстазы оның Түркияда өтетін концертіне қатысуға жолға шыққан. Ақтөбедегі кеште оның бейнеқұттықтауы қосылып, әншінің студент күндердегі қызықты оқиғалары айтылды. 

Димаш 30 жас
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Димаш 2010 жылы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің Ән салу бөлімі Академиялық ән салу мамандығына қабылданды. Димашты кілең 5-ке оқыды деп айта алмаймын. Өзіне ұнаған пәндерді жақсы оқыды, өзіне ұнамағанына жанын сала қоймады. Кілең 5-ке оқымаса да үлкен жетістіктерге жеткенін, жалғыз біз емес, бүкіл әлем мойындап отырғанын айтуымыз керек. Кезекті рет сабаққа кешігіп қалған кезде Миуа апамызға хабарласып, «Апа, Димаш жоқ, оятыңыз да, жіберіңіз» дегенде, «Марат, екеулеп жүріп осы баланы бітіртейік» деп айтқаны әлі есімде. Ең бастысы адамға деген бауырмалдығы, жүрегінің елжіреп тұратындығы, көмектескісі келіп тұратыны бар. Басқа балалардан айырмашылығы дегенге өте тәрбиелі, көрегендігі деп айтар едім. Берген уәдесін ешқашан ұмытпайды,- деді ұстазы Марат Әйтімов. 

Колледжде қазір 300-ден астам студент бар. Мұнда әлемнің бірнеше елінен әншінің жанкүйерлері келіп, білім алған оқу орнын көріп, ұстазымен кездеседі.

Димаш 30 жас
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Былтыр бір айда әлемнің 30 елінен жанкүйерлері келді. Биыл да келіп жатыр. Көбіне концерт, байқаулар кезінде келеді. Ұстазы Марат Әйтімов Түркия елінде өтетін концертіне кетті. Біз колледж атынан арнайы шапан тіктіріп, сыйымызды беріп жібердік. Жалпы әншінің туған күнінде біз осындай мәдени кеш ұйымдастырамыз. Дәстүрлі шара шамамен 5-6 жылдан бері ұйымдастырылып келеді,- деді А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі директорының міндетін атқарушы Әділет Күзенбаев.