Ақтөбедегі орман алқабына 10 миллионға жуық екпе салынуы керек

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл көктемде тек 3,2 млн түп екпе егілді. Бұл жоспардың үштен бір бөлігі ғана.

Ақтөбедегі орман алқабына 10 миллионға жуық екпе салынуы керек
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтің айтуынша, көгалдандыру және орманды молықтыру жұмысы аясында биыл 3 433 гектар жерге 6,2 млн түп орман екпесін отырғызу және 3,7 млн түп екпені толықтыру жоспарланған. Көктемде 1 834 гектарға 3,2 млн түп екпе егілді.

— Қазіргі кезде күзгі екпе егу жұмысы басталды. Жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалауы тиіс. Облыс бойынша қала және аудандарды, елді мекендерді көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 54 мың түп ағаш отырғызылды. Жұмыстар жалғасады, — деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетов.

Еске салсақ, Ақтөбеде шамамен жарты миллиард теңгенің құм тоқтату жобасы нәтиже бермеді. Мердігерлер үш жоба бойынша 488 млн теңгеге жуық қаржыны игерді. Алайда сексеуіл өсіп шықпады, құм тоқтамады.