Ақтөбедегі Президент резиденциясының бір бөлігі ғана балаларға беріледі
Ақтөбедегі Президент резиденциясын балалар қажетіне жарату туралы тапсырма әлі орындалмай тұр. Жергілікті әкімдік тек төрттен бір бөлігін, бір ғана қонақүйді алуға келісім жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл ақпан айында Президент бірнеше аймақтағы резиденцияны балаларға беру керек деп айтқанымен, бұл тапсырма Ақтөбе облысында әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Қазіргі кезде жергілікті әкімдік шамамен 1 гектардан асатын аумақтың төрттен бір бөлігін ғана алуға келісім жасап отыр. Онда да 500 шаршы метр болатын қонақүйдің тек 40% ғана тұруға жарамды. Қалған бөлігі қызметтік бөлмелер.
"Менің ақпаратым бойынша үй 2008 жылы салынған. Онда кім тұрғанын мен айта алмаймын. Қонақүйде қазір ешкім тұрмайды. Бүгінгі таңда резиденцияда орналасқан қонақүй мемлекеттік мекеме балансында. Жері – «Қазхром» ТҰК» АҚ-ына тиесілі. Қазір жерді бөлу жұмысы жүріп жатыр. Жалпы, үйдің ауданы – 500 шаршы метр. Егер балаларға берілсе, 500 шаршы метрдің 40 пайызы тұруға арналады. Өзгесі асхана, жуынатын бөлме, кір жуу орны. Әр балаға 6 шаршы метрден тиесілі десек, жалпы 25 бала ғана тәрбиеленеді. Жерді бөлсе, сол үйге арнайы бөлек кіріп-шығу жолы қарастырылады. «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның балаларға арналған ойын алыңын салып бергенін қалаймыз. Қазір келіссөз жүріп жатыр", - деді Ақтөбе облысы әкімінің іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.
Мұнда жер бөлу жұмыстары шешілген соң балаларға ыңғайлап жөндеу жүргізілуі мүмкін.
"Жерге қатысты сұраққа нақты жауап бере алмаймыз. Тек бәрі заңды түрде жүргізілетінін айтқым келеді. Мемлекеттік мекемеге тиесілі коттедждің аумағы ғана әкімдікке беріледі. Қазір ол жерге кіре алмаймыз. Компанияға тиесілі», - деді Тимур Рыскелдин.
Еске салсақ, биыл қыста Ақтөбе облысы әкімдігі резиденция аумағы, ондағы ғимараттар туралы ақпарат таратпады. Тек балаларға арналған нысанға айналатынын хабарлады.