Ақтөбедегі саябақ басқаның қолына өтіп, ескі дүңгіршектер сүрілмек
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы орталығындағы саябақ жазда сенімгерлік басқаруға берілген. Енді ол жерде тұрған сауда дүңгіршектерін иелері алып кетуі тиіс. Егер олар жиналмаса, сүріледі.
Ақтөбе қаласының әкімдігі Тұңғыш президент атындағы саябақты 10 жылға сенімгерлік басқаруға берді. Талап бойынша саябаққа жаңғырту жұмысы жүргізілуі тиіс.
«Орталық саябақ шілдеден бастап 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Оны конкурстық негізде «Прайм парк» ЖШС-і басқаруға алды. Сенімгерлік келісімшарт талаптары бойынша саябаққа реконструкция жасалады. Қазіргі кезде «Прайм парк» компаниясы реконструкция жұмыстарын бастауға кірісті. Ол үшін саябақта тұрған киоскілер кедергі болып отыр. Сондықтан жалға алушыларға хабарландыру берген. Қазан айының 28-не дейін иелері дүңгіршектерді алуы керек. Саябақ стихиялық сауда орнына айналмауы тиіс. Әртүрлі дүңгіршектерді болдырмау үшін арнайы павильондар алаңын салады. Келесі маусымда ескі дүңгіршектер болмайды»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің хабарлауынша, жаңғырту жұмыстарына бюджеттен қаржы берілмейді, оны компания жеке инвестициясын салады.
Еске салсақ, биыл жазда орталық саябақта құны 454 млн теңгенің отты, лазерлі субұрқағы қолданысқа берілді. Еліміздегі бірегей жобаға қаржы бюджеттен бөлінді.