Ақтөбедегі үлескерлер мәселесі: инвестордан бөлек бюджеттен де қаржы бөлінеді

тығыз құрылыс
Фото: Kazinform

Ақтөбеде 11 проблемалық нысан бар. Қазіргі кезде 540 үлескердің мәселесін шешу үшін қала әкімдігі жанынан «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе қаласы әкімдігі жанынан құрылған «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС-де барлығы 15 адам жұмысқа қабылданады. Олардың көбі заңгер болады. Себебі үлескер ісі сотта қаралып, үкім мен шешім шыққан соң қайта құжат дайындауға тура келеді.

- Қазір Ақтөбе қаласы бойынша 11 проблемалық нысан бар. Барлығы 540 үлескердің жалпы шығыны 3,5 млрд теңге деп болжанып отыр. Мәселені шешу үшін «Елорда құрылыс компаниясының» тәжірибесіне сүйеніп, «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды. Басты мәселе – үлескерлер проблемасын шешу. Ол үшін бюджеттен қаражат бөлінеді, сонымен бірге инвесторлар тартылады, - деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

«Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС-і жұмыс істеуі үшін қылмыстық істің үкімін, азаматтық істің шешімін күтеді. Содан кейін белгілі бір құрылыс нысанына техникалық тексеру жұмысы жүргізіледі. Құрылыс жұмысындағы ақаулар болса, анықталып, оның жою үшін жобалық-сметалық құжат қайта жасалады. Осы кезде құрылысты аяқтауға қажетті қаржы есептеліп, ақша қарастырылады.

- Мәселен 5 қабатты үйдің бірінші қабаты ғана салынған. Бірақ барлық пәтері бұған дейін сатылып кеткен болса, оны 9 қабатты үй етіп салу жолын қарастырамыз. Кейін қалған 4 қабатындағы пәтерді сату шығынды жабуға септігін тигізеді. Сонымен бірге инвесторлар іздейміз. Оларға құрылыс аяқталса, жер беруді көздеп отырмыз, - деді Азамат Бекет.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Ақтөбедегі құрылысы аяқталмаған 11 проблемалық нысанның бесеуіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Сонымен қатар, 6 тұрғын үй кешенінің құрылысын инвесторлар аяқтайды.

- Қаладағы құрылыс жұмыстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отырамыз. Ал проблемалық 11 нысан бойынша сот шешімін күтеміз. Содан кейін ғана жұмысқа кірісеміз. Компанияда 15 адам болады. Негізнен заңгерлер қабылданады. Қаладағы проблемалық нысан құрылысы шамамен 2018-2019 жылдары басталған, - деді «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС-нің директоры Нағымжан Алдияров.

Соңғы жаңалықтар
telegram