Ақтөбедегі үлескерлер мәселесін шешу үшін жаңа уәкілетті орган құрылады

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімдігі өңірдегі үлескерлер мәселесін шешу үшін жаңа уәкілетті орган құрмақшы, деп хабарлайды Kazinform. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде өңір әкімі Асхат Шахаров осындай мәлімет айтты.

«Өңірімізде әлеуметтік тұрғын үйге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, жыл соңына дейін бюджет есебінен 974 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 360 дайын пәтер сатып алу жоспарланған», - деді облыс басшысы.

Оның сөзінше, облыста үлескерлер мәселесі шешімін таппай келеді.

«Ақтөбеде барлығы 11 тұрғын үйдің құрылысы кешіктіріліп, оған 540 үлескерден 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Осыған орай «жол картасы» әзірленіп, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету бағытында жұмыс жүріп жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша, үлескерлер мәселесін жүйелі шешу үшін Ақтөбе қаласы әкімдігінің жанынан уәкілетті ұйым құрылады. Бұл осында мәселеге тап болған азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді», - деді Асхат Шахаров.

Соңғы жаңалықтар