Ақтөбедегі үш ірі су қоймасы көктемгі тасқынға дайындалып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймалары көктемгі су тасқынына дайыналып жатыр. Үшеуі 410-415 млн текше метр су қабылдай алады.
Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы - 245 млн текше метр. Қазіргі кезде мұнда шамамен 51 млн текше метр су бар. Өзгесі жөндеу жұмыстары кезінде өзенге ағызылды.
- Былтыр «Қазсушар» кәсіпорны Ақтөбе филиалының күшімен сыйымдылығы 7,5 млн текше метр болатын Сазды су қоймасына жөндеу жасалды. Мұнда мұздан сақтайтын қорған салынды. Өңірдегі ең үлкен Қарғалы су қоймасында да жөндеу жасалды. Қоршау салынды, шлюздің көтерме механизмі жаңарды. Сонымен бірге барлық су қоймасын енді онлайн бақылап отырамыз. Су қоймаларына бейнебақылау камералары қондырылды. Қазіргі кезде әлі де су қоймасындағы суды жіберіп жатырмыз. Бұл көктемде суды қабылдауға бағытталған шара,- деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шауенов.
Оның айтуынша, Ақтөбе су қоймасындағы жөндеу кезінде ағын су жолындағы тас деңгейіне дейінгі судың бәрі өзенге жіберілді. Сол кезде қоймады 55 млн текше метр ғана су қалды. Қазіргі кезде де секундына 0,5 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл тасқынға қарсы күрес жұмыстары. Көктемде үлкен су қоймасының бірі 200 млн текше метр су қабылдауға дайын.
- 2024 жылы Ақтөбе су қоймасына 550 млн текше метр су келді. Су қоймасы бос тұрғанның өзінде екі есе көп су бұл. Сондықтан 2025 жылы суды неғұрлым көп жіберіп, қауіптің алдын алу жоспарланды,- деді Ринат Шауенов. Биыл көктемде осы үш ірі су қоймасы 410-415 млн текше метр су қабылдай алады.
Еске салсақ, 1988 жылы салынған Ақтөбе су қоймасы биыл жөнделді.