Ақтөбедегі Жайсаң шекара бекетінде кезек көбейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыстық кәсіпкерлер палатасына бір аптада 200-ден астам шағым түскен. Шекарадан өтетін жүргізушілердің мәселесін шешу үшін жиын өтті. 

Ақтөбедегі Жайсаң шекара бекетінде кезек көбейді
Фото: видеодан алынған скрин

Биыл 19 мамырда Жайсаң шекара бекетіне «CarGoRuqsat» электронды кезегі енгізілді. Пилоттық жоба кезінде жүргізушілер бірнеше кедергіге тап болғанын айтып, облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраған. 

— «CarGoRuqsat» электронды кезегі жүк тасымалдаушылардың шекарадан өтуін жеңілдетуі және жеделдетуі тиіс еді. Алайда іс жүзінде жоба бірқатар кедергіге тап болды. Алғашқы аптаның өзінде-ақ 200-ден астам тасымалдаушы Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасына шағымданып, арнайы WhatsApp-чат арқылы жүйенің дұрыс жұмыс істемейтінін жеткізді. Негізгі шағым — электронды кезекке тіркелген жүк көліктерінің жеңіл көліктермен бірге кезек күтуі. Өткізу бекетінде көлік құралдарын реттеп, кіру тәртібін анықтайтын ақпараттық таблосы бар жинақтау алаңы қарастырылмаған. Мұндай жағдай логистикада тәртіпсіздікке, күту уақытының созылуына және бизнесте операциялық шығынның көбеюіне әкеліп отыр. Тағы бір өзекті мәселе — көрсетілетін қызмет сапасының төмендігі. Жүйе ақылы болғанына қарамастан күтуге арналған аймақтар, санитарлық нысандар және күннен, жаңбырдан қорғайтын қарапайым алаңдар мәселесі ойластырылмаған. Жол бойындағы жөндеу жұмыстары жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Өткізу қабілеті шектеулі болған соң жол полициясы топпен алып жүреді. Бұл уақыт созып, дау тууына әкелді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірнеше ұсыныс айтылды. Мемлекеттік кірістер департаментіне жол жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін «CarGoRuqsat» жүйесінің жұмысын уақытша тоқтату, сөйтіп жүк көліктерін өткізу пункті маңында жиналып қалған нөпірді азайту жолы айтылды. Сондай-ақ жүйеге техникалық аудит жүргізу және оның жол жөндеу кезінде жұмыс істеуге дайындығын бағалау ұсынылды. Әрі жүйеге тіркелген және тіркелмеген көліктердің (жеңіл және жүк көліктері) ағынын бөлу қажет екені айтылды.

— Мәртөк ауданының әкімдігіне және облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жүк көліктері үшін арнайы жиналмалы тұрақ салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. «ҚазАвтоЖол» жол полициясымен бірлесіп, жүк көліктерін өткізу процесін жеңілдету, мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жөндеу жүріп жатқан учаскелер бойынша жол жабу сызбасын келісіп, оны кәсіпкерлерге жеткізу ұсынылды. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы Жайсаң өткізу пунктіндегі жағдайды әрі қарай бақылайды және қажет болса қосымша бастама көтереді. Сонымен қатар Жайсаң — Сағаршын шекарасындағы өткізу қабілетін арттыру мақсатында Орынбор облысындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлесе жұмыс істеу мәселесі қарастырылады, — деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, маусым айынан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жүк көліктері үшін электрондық кезек жүйесі енгізіле бастайды

Соңғы жаңалықтар