Ақтөбедегі «Жайсаң» және «Әлімбет» шекара бекеттерінде неліктен кезек түзілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қазір бірінде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, екіншісінде жаңғырту жұмысы қарқынды. Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жағдайдың бақылауда екенін айтты.

Ақтөбедегі Жайсаң шекара бекетінде кезек көбейді
Фото: видеодан алынған скрин

Өткен аптада «Жайсаң» шекара бекетіне қарама-қарсы орналасқан «Сағаршын» өткізу бекетінде жол жөндеу жұмыстары басталды. Енді Ресейден кіруге арналған жолдың тек бір жолағымен кезек-кезек жүруге болады. Яғни бір уақытта бір бағыттағы көліктер өтеді, кейін қозғалыс бағыты ауыстырылады.

- Жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жүк және жеңіл автокөліктердің аздаған кептелісі байқалады. Ал «Әлімбет» шекара бекетінде реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. Екі өткізу бекетіндегі жағдай Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта көлік қозғалысы жүзеге асырылып жатыр, мемлекеттік шекарадан өткізу кезінде айтарлықтай қиындық байқалмайды. Кезек едәуір азайды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.

Еске салсақ, биыл маусымда «Жайсаң» — «Сағаршын» шекара бекетіндегі кезекте 600-ден астам жүк көлігі тұрды. Тасымалдаушылардың айтуынша, «Сағаршын» шекара бекетінің өткізу қабілеті төмен. Бір ғана жолақта қабылдайды. Онда да жеңіл және жолаушылар тасымалы көлігіне басымдық беріп, кейін ғана жүк көлігін өткізеді.

https://kaz.inform.kz/news/zhaysan-sagarshin-shekara-beketndeg-kezekte-600-den-astam-zhuk-kolg-tur-46ab9a77