Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметінің байланыс аясынан тыс болу себебі анықталды
Ақтөбедегі облыстық жедел жәрдем бекеті қызметіне үш күн бойы бір мезгілде хакерлік шабуыл жасалған. Мамандар қазір DDoS шабуылдың кім жасағанын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекеті тәулігіне 1200-1400 адам қоңырау шалады. 5, 6, 7 қаңтар күндері мұнда сағат шамамен 18:00-де шабуыл жасалып, мамандар үш күн қатарынан жөндеу жұмысын жүргізді. Ал шақыртудың бәрі 112 және 109 нөмірі арқылы қабылданды.
«5, 6, 7 қаңтар күндері диспетчер қызметінде интернет істен шығып, байланыс үзілді. Өте ауыр жағдайлар болды. Біздің ресми провайдеріміз «Транстелеком» АҚ жұмыс істеп, 5 қаңтар күні сағат 18:00-19:00 аралығында, 6 қатар күні сағат 18:00-22:00 аралығында, 7 қаңтар күні сағат 18:00-ден бастап сағат 22:00-ге дейін ақауды жөндеді. Байланыс болмаған соң 109-ға, сонымен бірге 112 қызметіне диспетчерлерді жіберіп, олар шақыртуды бағыттап отырды», - деді облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасының бас дәрігері Марат Жанқұлов.
Оның айтуынша, бұл мәселенінің себебі мен шығынды өтеу жайы «Транстелеком» АҚ мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының заңгерлері аясында шешіледі. қоғамБүгін жедел және шұғыл медициналық көмек бекетіне барған «Транстелеком» АҚ өкілдері үш күн бойы хакерлік шабуыл жасалғанын хабарлады.
«5-7 қаңтар аралығында Жедел жәрдем бекетінің телефония және интернетінде қиындықтар болды. Бұл 5 қаңтар күні сағат 18:00 шамасында басталды. Біздің қызметкерлер шұғыл келіп, жөндеді. DDoS шабуыл жасалған. Интернетті бұғаттаған. Кешеден бастап байланыс қалпына келтірілді. Бұған дейін акционерлік қоғам тарихында 103-ке қатысты шабуыл болмады», - деді «Транстелеком» АҚ АОФ даму жөніндегі директоры Қанат Сырлыбаев.
Оның айтуынша, мамандар бірден 103 қызметінің IP адресті өзгерткен.
«Ұйымдасқан іс сияқты болып тұрды. Себебі үш күнде де бір уақытта шабуыл жасап, интернетті істен шығарады. IP адрес қайта өзгерді. Енді қайталанбайды деп сенімдіміз. Жалпы күні бойы емес, 2-3 сағат қана істен шықты», - деді Қанат Сырлыбаев.
Айта өтейік, облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасында байланыс үшін жыл сайын 7-8 млн теңге қарастырылған. Бір жыл бойы «Транстелеком» АҚ қызмет көрсетсе, биыл қайта «Қазақтелеком» АҚ қызмет көрсету байқауын жеңіп алды. Бұған дейін түрік инвесторлары арқылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған бекет коммуналдық мекемеге айналды.