Ақтөбедегі жеке балабақшаларда бірқатар кемшілік анықталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде мемлекеттік тапсырысты орындап отырған жеке балабақшаларға қоғамдық кеңес мониторинг жүргізді. Олар тазалық сақталмағанын, қауіпсіздік шарасы қабылданбағанын және тамақтану режимінің бұзылғанын анықтады.

балабақша
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы 200-ден астам балабақшаның жұмысын бақылап шықты. Олар бірқатар кемшілікті атап айтты. 

- Мемлекеттік балабақшаларда барлық талап орындалады. Бірақ үш балабақша ескі, қауіпті жағдайда тұр. Олар күрелі жөндеуді қажет етеді. Тағы бір айта кететінім, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жақсы дамып келеді. Осы негізде ашылған балабақшаларда тұз шахтасы, бассейн де қарастырылған. Дегенмен кемшіліктер де тіркелді. Оларды үш топқа бөлдік. Біріншіден, ғимараттардың басым бөлігінде талапқа сай емес, қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Екіншіден, тамақтану, гигиеналық, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған. Үшіншіден, жас ұрпаққа тәрбие беру кезінде кемшіліктер анықталды,- деді Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаева.

Оның айтуынша, әр балаға 3 шаршы метр орын қарастырылуы керек. Ал жеке балабақшаларда бұл талап сақталмайды. Балалар кіреберісте киінеді, тамақтану мен ойын алаңы, жатын орны бір. Сонымен бірге кейбір балабақшада эвакуация жоспары ілінбеген. 

Балабақша
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Мұздатқыш тар, балабақшада тамақ сақтау тәртібі сақталмайды. Дизинфекциялық заттары да жоқ кейбірінде. Дәрумен журналы да болуы керек. Балаларға С витамині берілмейді. Жұмысшылары кір халатпен жүр. Атырауда өткен Ұлттық құрылтай кезінде балабақшаға қойылатын талаптарды күшейтуді сұрадым. Бұл алдымен лицензиялау жұмысы. Екіншіден, мониторинг жасап, балабақшадағы педагогтердің біліктілігін арттыру керек. Жеке балабақшада медбике де жоқ. Оқыс жағдай болма қалай етпек? Олар тек келіп, кетеді. Мониторингтен соң құжат прокуратураға жіберілді, - деді Тәттігүл Талаева. 

Айтып өтейік, балаларды балабақшамен қамту үшін өңірде жыл сайын 26 млрд теңге бөлініп отыр. Әкімдік енді бақылау жұмысын прокуратурамен бірлесіп жүргізбек. 

Балабақша
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Балалар біздің болашағымыз деп айтамыз. Ал қызмет көрсету сапасы өте төмен. Осы салаға 26 млрд теңге бөлінген. Әлеуметтік желіде шағым көп. Сондықтан келісімшартты түгел қайта қарау керек. Әр ата-ана бейнебақылау камерасы арқылы баласын қарап отыруы керек. Медбике туралы айтқан мәселе де дұрыс. Азық-түлік, тамақтандыру мәселесін де қарастырайық. Қазір біз кәсіпкерлерге сенеміз, ата-ана бізге сенеді. Соңы осындай болып тұр. Мен қоғамдық кеңеске өзім айтып, мониторинг жүргізілді. Бір айтарым, ақша дұрыс жұмсалуы тиіс. Пайда табуды емес, сапалы қызметті басты орынға қоюы керек. Балалардан пайда табам деу қате түсінік. Облыс прокуратурасымен бірге жұмыс істейміз. Бәрі жаман емес, үлгілі балабақша да бар,- деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Соңғы жаңалықтар
Референдум