Ақтөбедегі автобус өрті: Компанияның директоры бәрінен бейхабар болып шықты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі автобус өртіне қатысты сот отырысы кезінде «Азия Транзит Сервис» ЖШС-нің директоры Жора Үмбетов өзінің кәсіпкер екенін білмейтіні белгілі болды. Бұл туралы сотқа дейінгі жауап алу кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында автобус өртіне қатысты сот отырысы жалғасты. Сот отырысы кезінде қағаз жүзінде ғана «Азия Транзит Сервис» ЖШС-нің директоры болған Жора Үмбетовтің жауабы оқылды.
«Тергеу кезінде механик Пердебаев, фельдшер Хусанбекованы жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, автокөлікті жалға алу, қызмет көрсету туралы келісімшарттары ұсынылды. Оларда «Азия Транзит Сервис» ЖШС-нің директоры Ж.Үмбетов деген тұсқа қол қойылған. Бұл құжаттарға мен қол қоймадым. Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген «Азия Транзит Сервис» ЖШС-і туралы полиция қызметкерлерінен ғана естідім, ол фирма туралы мүлде білмеймін, директор емеспін. Мен туралы мәліметтерді қалай пайдаланғанын да білмеймін», - деді куәгер Жора Үмбетов.
Тергеу кезінде куәгер Жора Үмбетовтің құжаттарын оның туған жиені Бауыржан Кулишов алып, пайдаланғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта куәгер Б.Кулишовтың Алматыда тұратыны анықталды. Ол қылмыстық іске байланысты жауап беруі тиіс болғанымен, сот отырысына келмеген. Егер ертең одан хабар болмаса, куәгердің өтінішімен сот алдындағы жауабы оқылады.
«Мен «Азия Транзит Сервис» компаниясында экономист-есепші болып жұмыс істедім. Өзім компания директоры Ж.Үмбетовті мүлде көрмедім, бірақ келісімшарт құжаттарына қол қою құқығын сот залында отырған Нұрлыбек Тілепбаев берді. Сол күні де автобус иесі Мехтеевпен екі келісімшарт жасалды. Алғашқысы автобусты жалға алу болды. Ол құжат жарамсыз болып, қызмет көрсету келісімшарты жасалды», - деді куәгер Жарқынбек Қалықұлов.
Еске салсақ, бүгін сот отырысында автобус өрті кезінде көмектескен өзге жолаушылар көлігінің жүргізушілері берген жауап оқылды. Сонымен қатар, алдағы сот отырысы кезінде жәбірленушілердің өкілдерінен хабар алынады. Егер олар Өзбекстаннан Қазақстанға келіп, өздерінің талап-тілектерін айта алмаса, жазбаша хат жібереді.