Ақтөбедегі балабақшаларға планшет беріледі
Жобадағы «Балалардың ІТ әлемі» бағыты аясында 4460 планшет сатып алынады. Планшеттер облыстағы 331 балабақшаға үлестіріледі. Шамамен әр планшеттің құны 70 мың теңгеге жуық болады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін балабақшалар мен мектептерге электронды кітап, проектор, роботтық техника, ЗD принтері сатып алынады.
«Планшет балабақшаға беріледі. Балалар да оны пайдаланады. Қазіргі кезде балабақшаларды мемлекеттік стандарт аясында интерактивті тақта, планшет қолданылады», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Ұйымдастырушылар балалардың телефон, планшет қолдануы заман талабына сай деп отыр.
«Планшет, ұялы телефонның өз пайдасы бар. Ақыл-ойды дамытатын анимациялық мультфильмдері де қарауға болады. Бастысы - дұрыс бағыт беру. Заман талабына сай балалар жаңа технологияны меңгеруі қажет»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Айта кетейік, барлығы 137 мектепке қажетті 3D принтерін сатып алуға 61,6 миллион теңге бөлінді. Жалпы білім саласын жаңа технологиямен қамтамасыз ету үшін 981 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Оның 168 миллион теңгесі бюджеттен тыс қаржы.