Ақтөбедегі дала өртінен мерт болған әкімнің 4 баласы жетім қалды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сұлукөл ауылы маңындағы өртті сөндіру кезінде қаза болған әкімнің артында төрт баласы қалды. Ал әлеуметтік педагог Жолдыбек Әбдісәлімовтың екі баласы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сұлукөл ауылында дала өртін сөндіріп жүрген кезде денесін күйік шалып, оқиға орнында қаза болған ауыл әкімі Батырбек Бірлепесов пен ауруханада көз жұмған Жолдыбек Әбдісәлімов туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Аудан әкімдігі қазір марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімін ұйымдастырып жатыр.
«Батырбек Бірлепесов 1976 жылы туған. Білімі жоғары. Әртүрлі салада жұмыс істеді. 2015 жылдан бері Сұлукөл ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Оның төрт баласы бар. Ал Жолдыбек Әбдісәлімов 1978 жылы туған. Арнаулы орта білімді. 2013 жылдың наурыз айынан бастап Сұлукөл орта мектебінде әлеуметтік педагог болып жұмыс істеген. Отбасылы, артында екі баласы қалды. Қаза болғандардың садақасын жасап, жергеу рәсімін ұйымдастырамыз. «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сүйене отырып көмек көрсетеміз. Қазіргі күні ауыл тұрғындары, ақсақалдар жиналып, туыстарына көңіл айттық. Көмек көрсетіліп жатыр»,- деді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов.
Сондай-ақ осы өрт оқиғасынан денесін күйік шалған екі адам ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Аталған ауылда болған өрт кезінде үш адам ауруханаға жеткізілді. Оның біреуі қаза болды. Қазіргі күні екі ауыл тұрғыны ем қабылдап жатыр. Негізі Әйтеке би ауданының Әйке ауылынан 15 адам 3 техника, Ақтастыдан 6 адам үш техника, Сұлукөл ауылынан 5 адам бір техника өрт сөндіруге қатысты. Өрт сөндіруге еріктілер шықты. №7 жедел өрт сөндіру бөлімінен 9 адам жұмылдырылды. ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңының «Өрттерді сөндіру» бабы бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдардағы далалық өрттерді жергілікті атқарушы органдар сөнідіруге міндетті. Заңға сәйкес жергілікті атқарушы билік еріктілерді дайындайды, оқытады, арнайы жауынгерлік киіммен жабдықтайды»,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз жетекшісі Динара Атраубаева.