Ақтөбедегі дауыл шығындарын есептейтін комиссия құрылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі дауылдан кейін қалалық әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта шығынды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі дауыл шығындарын есептейтін комиссия құрылды

Ақтөбе қаласында кеше дауыл болып, Батыс-2 ауданындағы 9 қабатты үйдің 3 балконын қиратып кеткен болатын. Қазіргі уақытта қалалық әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия төрағасы қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров. Оның айтуынша, кран құлап, балконы қираған пәтерлерді төтенше жағдайлар қызметі қарап, қорытынды жасайды.

«Дауылдан кейін коммуналдық мекемелер күшейтілген тәртіпте жұмысқа көшті. Батыс-2 ықшам ауданында кран құлағанын бәріміз білеміз. Қазіргі уақытта қалпына келтіруге арналған жоба әзірленіп жатыр. Терезелер салынады. Сонымен қатар, дауылдан кейінгі шығынды есептеуге арнайы  комиссия құрылды. Шығын толық өтеледі», - деді Н. Алдияров.

Айта кетейік, дауылдан кейін қалалық әкімдікке 21 арыз түскен. Олардың көбі құлаған ағаштарды кесу, қоқысты жинауға өтініш берген. Арыз жазғандар арасында бүлінген көлігінің шығынын өтеу туралы өтініш берген адам жоқ.

«Комиссия тексеріп, қорытынды жасалған соң акт дайындалады. Сол шешіммен келген шығын өтеледі. Бірақ жаңа пәтер алып беру туралы сөз қозғалып жатқан жоқ», - деді қала әкімінің орынбасары.

Қазіргі уақытта құрылыс компаниясы терезе салу жұмыстарын бастады. «Ақтөбе сәулет» компанияның прорабы Серік Сатиновтың айтуынша, үш күн ішінде балкондар толық қалпына келтіріледі.