Ақтөбедегі ірі өндіріс орындары ғылымға қаржы бөлуге асығар емес

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ірі өндіріс орындарымен меморандумға қол қойды. Бірақ ғылымға қаржы бөлуі тиіс компаниялар келісімді орындамай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі ірі өндіріс орындары ғылымға қаржы бөлуге асығар емес

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті аймақтағы 27 қытайлық компаниямен меморандумға қол қойды .  Келісімге сәйкес компаниялар білім мен ғылымды дамытуға қаржы бөлуі тиіс. Ал жоғары оқу орнының жас ғалымдары түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өндіріске қажетті жобаларды ұсынады. Бірақ бұл келісім әлі күнге дейін орындалған жоқ.

«Ірі компаниялар табыстың 1 пайызын ғылымға бөлсе, өңірде көп мәселе шешілер еді. Ақтөбедегі феррохром зауыты ғылыми зерттеу институтын ашып қойған, заң талаптарын орындап отыр. Бірақ жергілікті жас ғалымдарға да қолдау керек. Ал қытайлық 27 компаниядан әлі күнге дейін хабар жоқ. Шетелдік компанияларға қажетті жаңа жобаларды Ақтөбедегі технопарктер орындай алады. Мәселен, университетте өндіріске арналған пеш бар. Ферроқорытпа зауытына қажетті пешті өндіріс орнымен бірлесе кәдеге жаратамыз. Пеште темірді балқытып, зауытқа сатамыз. Университет, ферроқорытпа зауыты мен «Трактор» ЖШС арасында үшжақты келісім шартқа қол қойылады. Айына 10 тонна қалдықтарды өңдеуге шамамыз жетеді», - деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рақым Бекназаров.

Айта кетейік, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдары Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университеті және «Актюбрентген» АҚ-мен бірігіп физика кабинетіне құрал-жабдықтарды дайындауды қолға алды. Бұл мектептердегі ескі құрал-жабдықтарды жаңалап, түрлі сынақ, тәжірибелерді өткізуге арналған құрылғыны жергілікті жерде шығаруға мүмкіндік беретін жоба.