Ақтөбедегі мектептің төбесі құлап, 9 оқушы ауруханаға түсті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі №40 орта мектептің төбе жапсырмасы құлап, 9 бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі мектептің төбесі құлап, 9 оқушы ауруханаға түсті

Ақтөбедегі №40 орта мектепте мерекелік шара өтіп, ер балалар киінетін бөлмеде дайын тұрды. Дәл сол кезде флешмоб билейтін 10 баланың үстіне төбе жапсырмасы құлап, 9 оқушы ауруханаға түсті.

«Мектепте мерекелік шара ұйымдастырылды. Сағат 12:40 шамасында мәжіліс залы жанындағы киінетін бөлмеде төбе жапсырмасы құлады. Флэшмоб билейтін бір топ бала сол жерде тұрған еді. Қабырғасы биік бөлме. Балалардың өрмелеп шығуы, таяқпен түркілейтіндей жағдай болмады. Төбе жапсырмасы ілінген сым үзіліп кеткен», - деді №40 орта мектеп директоры Бауыржан Сарин.

null 

Төтенше жағдай тіркелген соң оқушылардың бәрі мектептегі медицина бөлмесіне апарылып, дәрігер тексеру жүргізді. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі жедел жәрдемге қоңырау шалды.

«Балалардың денсаулығын тексеру үшін жедел жәрдем шақырылды. Сүйегі сынып, басы жарылған ешкім жоқ. Тексеріп, анық-қанығына көз жеткізгіміз келді. Бөлмеде болған 10 балаға зақым келді. Оның біреуі мектептен үйіне жіберілсе, қалған 9-ын жедел жәрдем көлігі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Рентгенге түсірді. Мен балалардың жағдайын білу үшін ауруханаға бардым. Бәрі жақсы»,- деді Бауыржан Сарин.

Айта кетейік, зардап шеккендердің бәрі 6 сынып оқушылары. Мектепке төтенше жағдайлар қызметі, қалалық әкімдік өкілдері мен білім бөлімінің мамандары барған.  

null