Ақтөбедегі мыс компаниясы мүгедек балаларға арналған емхана салып береді
Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел кәсіпкерлері үшін тиімді болды. Мәселен, бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Орыс мыс компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин инвестициялық серіктестікті дамыту меморандумына қол қойды. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, никельді игеру, кәсіпорынды жаңғырту келісімін жасады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында Ақтөбе облысы инвестиция тартып, соның ішінде ресейлік серіктестермен белсенді жұмыс атқарып жатыр. «Орыс мыс компаниясы» жоғары экологиялық стандарттарды ұстанатын жауапты инвестор. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік дамуына үлес қосып келеді. Жобаны жүзеге асыру салық төлемдерін өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың өмір сапасын арттыруғаа мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбев.
Екіжақты келісім кезінде облысқа 105 миллион теңге инвестиция салынатыны белгілі болды.
«Әлеуметтік жауапкершілік аясында бірлесіп жұмыс істейміз. Келесі жылы мыс компаниясы мүгедек балаларды емдейтін емхана құрылысын бастайды. Жалпы компания келісімшарттағы барлық міндеттемелерді орындап отыр. Жұмыс орны қысқарған жоқ, жалақы уақытылы беріліп тұр», - деді өңір басшысы Б.Сапарбаев. Келісім кезінде «Орыс мыс компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин әлеуметтік салаға қолдау білдіретінін жеткізді.
«Табиғи ресурстарға бай, мемлекеттік қолдауы біржолға қойылған өңірмен жұмыс істеген өте жақсы нәтиже береді. Біз жаңа жобаларға инвестиция салып, Ақтөбе облысының кадр әлеуеті мен әлеуметтік саласын дамыту жұмысын әрі қарай жалғастырамыз»,- деді Игорь Алтушкин.
Айта кетейік, мыс компаниясы 2004 жылдан бері Қазақстан экономикасына 868 млн доллар инвестиция салды. Еліміз бойынша бұл компанияда 1 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Ақтөбе облысының бюджетіне жыл сайын 1 миллион доллар түсіп тұр.