Ақтөбедегі оқушы қыздар төбелесі: Қылмыстық іс қозғалды
Айта кетейік, кеше Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылында мектеп оқушылары төбелесті. Олардың кім екені анықталған. Бәрі - 8-9 сынып оқушылары.
Араларында жанжал болып, бірі оны телефон камерасына түсіріп алған.
«Мектеп оқушыларының бірі 8-сынып оқушысын ұрып-соққан. Оқиға орнында болған қатарластары оны ұялы телефон камерасына түсіріп алған. Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі, яғни, бұзақылық дерегі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл фактіні Темір аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары анықтады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың ата-аналарын балаларды тиісінше тәрбиелемегені үшін жауапқа тарту жайы қаралып жатыр.
«Ата-аналарды балаларын, әсіресе жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Олар жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылатынын білуі тиіс. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ауданның оқу орындарында профилактикалық әңгіме жүргізді», - деп түсіндірді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.