Ақтөбедегі оқушы өлімі: Жедел жәрдем қызметі 2 айда қалай өзгерді
Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметі мамандардың бәрін қайта оқытылды. Барлығы 105 дәрігер, фельдшер білімін жетілдірді. Олар жүрекке, өкпеге реанимация жасауды үйренді, арнайы сертификат алды. Білімін жетілдіруге арналған арнайы курсқа бас дәрігер Марат Жанқұлов та қатысты.
«Өзімнің мамандығым реаниматолог-дәрігер болғанымен арнайы курстан өтіп, біліктілігімді жетілдірдім. Сонымен қатар, адамдармен тіл табысу, дәрігер туысқандарымен, дәрігер науқаспен сөйлесу мәнірі үйретілді. Диспетчерлер мен фельдшерлер тегін білім алды. Арнайы курстың бәрі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясында екіжақты келісім бойынша өтті. Қазір адам психологиясы қиын. Жедел жәрдемнен көмек сұрап телефон шалған адамдар әке мен шешеден бастап балағаттайды, сөздері сүйектен өтеді. Мұндайға төзу үшін де арнайы курс қажет болды», - деді бас дәрігер Марат Жанқұлов.
Жедел жәрдем қызметінде қазір 36 бригада жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта бригада қатары 40-қа жетеді. Сонымен қатар, бірыңғай call-орталыққа бір дәрігер отырғызылды. Егер науқастың жағдайы ауыр болса білікті маман жедел жәрдем қызметі барғанша қандай көмек көрсетуге болатынын телефон арқылы хабарлап отырады.
«Диспетчерге түскен хабарламаның бәрі жазылады. Қате естісе қайта тыңдауға мүмкіндік бар. Дәрігер немесе фельдшер қайта тыңдап, ақпаратты нақтылап алады. Қазір бір мезетта 6 желі жұмыс істеп тұр. Бұрын төртеу болды. «Тұтқаны көтермейді, автожауапты қосып қояды» деген шағымды азайту мақсатында атқарылған жұмыс осы», - деді Марат Жанқұлов.
Жедел жәрдем үшін қашанда кадр тапшы. Себебі, дичпетчерлік қызметтің өзіне осы салада 3-5 жыл еңбек өтілі бар маман қызметке алынады. Соңғы екі айда жедел жәрдем қызметі 22 фельдшермен толықты. Жүргізушілер де алғашқы көмек беру дайындығынан өтті.
«Фельдшер, көлік жүргізушісі адамдарға алғашқы көмек беруді білуі тиіс. Бір бригада ішінде жүрген жүргізуші науқасты көтеруге, жасанды тыныс алу кезінде қапшықты ұстап, дем беруге қатысады. Бәрі оқыды, арнайы тәжірибе жинады. Алдағы уақытта мамандардың біліктілігін арттыру үшін Ресейден немесе Канададан дәрігерлер шақырылады. Себебі, жедел жәрдем халықаралық-еуропалық талапқа сай қызмет көрсетуі үшін фельдшерлер әлі бірнеше саланы жетік меңгеру керек. Оның ішінде травматолог қызметі де бар», - деді бас дәрігер.
Ақтөбе қалалық жедел жәрдем қызметі шағын станциялардың қызметін іске қосып жатыр. Қаланың ескі бөлігіне қызмет көрсету үшін емхана жанынан төрт бригада іске қосылды. Алдағы уақытта барлығы 6 шағын станция жұмыс істейді. Әрі жедел жәрдемге артылған жүкті азайту мақсатында созылмалы ауруы бар науқастар 4 категорияға жатқызылып, емханаға жіберіледі. Яғни, жедел жәрдем қызметі келіп түскен қоңырауды емханаға бағыттап, ол мекемедегі кезекші дәрігер науқасқа көмек көрсетуге міндеттелді. Жұмысты жетілдіру кезінде жедел жәрдем қызметінің әр бригадасына iPad берілді.
«Телефон, рация әлі де бар. Бірақ цифрландыру бағдарламасы аясында iPad-қа басымдық беріледі. Науқасқа барған уақыт, алғашқы көмегі, үйден шығу уақыты мен ауруханаға жеткізілуі жазылады. Әр минуты жазылу тұрады. Бұл ақпарат сall-орталыққа түседі. Орталытағы gps навигациясы арқылы көліктің қайда тұрғаны, барғаны шығып тұрады», - деді Марат Жанқұлов.
Бас дәрігер негізсіз шақыртулардың да аз болмайтындығына тоқталды.
Мәселен, жедел жәрдемге 1500 қоңырау түссе, оның 600-700-іне арнайы бригада барады. Соның ішінде 25-30 шақыру негізсіз, нәтижесіз болып тұр. Яғни, жедел жәрдем бригадасына ешкім есік ашпайды, мекенжайы басқа, ондай адам тұрмайды, үйдің ауласында ит жүреді. Бригада айқайлап, шақырып, ешкімді шығара алмайды. Барған кезде «қажет емес, біздің жағдайымыз жақсы» деп айтады.
Жедел жәрдем көлігіне жол бермей, жол апатына түсетін жағдай да кездеседі екен.
«Екі жағдай болды. Науқастың жағдайы ауыр болып, арнайы дабыл жүйесі іске қосылды. Сол кезде бағдаршамда қызыл түс жанды. Көлік өте бергенде өзгелері жол бермей, соқтығысты. Сол кезде екінші жедел жәрдем көлігі оқиға орнына жіберіледі. Ал бұл уақыт. Денсаулығы нашар, инсульт, инфаркт алған адамды құтқару үшін біз жанымызды саламыз, ал кейбір көлік иелері бұл жағдайды түсінбейді. Екі жағдайда да жедел жәрдем көлігі кінәлі болып, айыппұл салынды. Айыппұлды мекеме төлейді», - деді Марат Жанқұлов.
Еске салсақ, Ақтөбеде жедел жәрдем қызметі шақыруға 49 минутта барып, аяқ-қолы құрысқан оқушы үйінде көз жұмған болатын. Кейін жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері қызметінен кетіп, оның орнына Марат Жанқұлов тағайындалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев емхана басшыларымен, жедел жәрдем қызметімен кездесу өткізіп, диспетчерлерге қоңырау шалды. Науқас пен ата-ананы кінәлап, жауапкершіліктен қашуды доғаруға тапсырма берді.