Ақтөбедегі өндіріс орындары жұмысшыларына 47 миллион теңге қарыз

Ақтөбеде еңбек қатынастарының жағдайы тұрақты. Жаппай жұмыстан шығару, қысқарту тіркелген жоқ. Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мейірболат Райымқұловтың айтуынша, жыл басынан бері 1 280 шағым түсті. Арыз бойынша 500-ден астам тексеру жүргізілді. Барлығы 1 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелсе, оның 72 пайызы еңбек қатынастары сұрақтарына байланысты болды. Көбі еңбекақыны дұрыс есептемеген, уақытында жалақы төлемеген.
«Жұмысшылар алдындағы келісімшарттық міндеттер, ұжымдық және еңбек келісімшарттары бойынша міндеттер, меморандумдар орындалуы тиіс. Қарызға жол бермей еңбекақының уақытылы төленуін қамтамасыз етулеріңіз қажет. Бұл республикамыздың заңдарымен қарастырылған, орындамаған адам жазаланатын болады», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері еңбекақы қарызының 620 миллион теңгесі өтелді. Қазіргі кезде өңірде 4 кәсіпорын тоқтап тұр, жетеуі банкротқа ұшырап, оңалтудан өтіп жатыр. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс берушілердің еңбеккерлер алдындағы қарызы - 47,5 миллион теңге. «Жағдай бақылауда, еңбек ұжымдарындағы жағдай тұрақты, қарыздар ай сайын өтеліп жатыр», - Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының басшысы М.Райымқұлов.
Әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бағытындағы жұмыс кезінде әкімдік, кәсіподақ пен кәсіпорын басшылары арасындағы меморандумдардың, ұжымдық және жеке еңбек келісімшарттарының маңызы зор. Облыстық кәсіподақ төрағасы Түрікпенбай Айжарықовтың айтуынша, 84 мың адамды қамтитын 7 мыңнан астам меморандумдарға қол қойылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев вахталық ауылдардағы жұмыстан тыс бос уақыты ұйымдастыру және моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту мәселелеріне арнайы тоқталды.