Ақтөбедегі өрт: Екі баланың өлімі улы газдан болды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көпқабатты үйдің пәтері өртеніп, екі баланың мүрдесі табылды. Алдын ала белгілі болғаны - балалар газға уланып көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі 12 ықшам ауданда пәтер өртеніп, екі баланың денесі табылды.
Оқиға бүгін сағат 15:37-де тіркелді.
"Жергілікті уақытпен сағат 15:37-де Ақтөбе қаласының 12 ықшам ауданында өрт шықты. Өрт сағат 16:00-де сөндірілді. Барлығы 95 адам эвакуацияланып, 30 адам құтқарылды. Өртті сөндіруге ТЖД-нің жеке құрамынан 21 адам және 5 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында 2012 және 2015 жылы туған балалардың мүрдесі табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша балалар газбен уланып қалған. Балалар үйде үлкендердің қарауынсыз қалған. Ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Өрт себебі сараптама нәтижесі бойынша анықталады", - деп хабарлама таратты өңірлік коммуникация қызметі.
Оқиға болған көпқабатты тұрғын үйге қазір барлық коммуникация қосылды. Қауіпсіз жерге шығарылған тұрғындар кешкілік пәтерлеріне оралды. Ал өрт болған пәтерді полиция қызметкерлері мөрлеп, жауып тастады. Үйде әзірге лифт тоқтатылды.
"Оқиға болған уақытта үйде жалғыз болдым. Өрт сөндірушілер жедел келіп, көмек көрсетті. Тек көршімнің екі қызын құтқарып қалу мүмкін болмады. Біз өз күшімізбен баспалдақ арқылы шықтық. Бәріміз есеңгіреп қалдық", - деді көршілері.
