Ақтөбедегі өрт кезінде 44 адам эвакуацияланды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 13:22-де 101 пультіне Ақтөбе қаласының Жаманқұлов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы шақыру түсті. Бірінші қабаттағы пәтерде үй заттары өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер жалынды сөндіруге және тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.

«Барлау жүргізу кезінде өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында 4 адам құтқарылды. Сонымен қатар баспалдақ маршы арқылы 40 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды.

Өрт сағат 13.47-де сөндірілді. Өрт алаңы 20 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі анықталуда», - деп жазды ТЖМ-нан.


Өртті сөндіруге Ақтөбе облысы ТЖ департаментінің 26 өрт сөндірушісі мен 6 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, өрт орнына Апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы барды.

Ақтөбе облысы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар