Ақтөбедегі Орталық базардың сатушыларына басқа орын қарастырылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде орталық базар сатушылар мен сауда орындарының иелері жолды жауып тастады. Бір сағатқа созылған наразылықты таратуға қала әкімі Ілияс Испанов келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Орталық базардың сатушыларына басқа орын қарастырылады

Ақтөбедегі Орталық базар сатушылары бүгін сауда жасамай, өз талаптарын қойды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық төтенше жағдайлар департаменті тексеру жүргізіп, өрт қауіпсіздігі шарасы мүлде сақталмаған cоң бірнеше ұйғарым берген болатын. Сол кезде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев егер қауіпсіздік ережесі орындалмаса базарды жабуды талап етті.  
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, базарларды тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзуға қатысты 32 факті анықталған. Осыған байланысты экономикалық сотқа кемшіліктер толықтай жойылғанға шейін базардың қызметін тоқтату туралы талап-арыз берілді.
Тексеру барысында эвакуациялық шығудың, ғимаратта және базарда арнайы өрт техникасының болмауы, дабыл жүйесінің ақауы анықталған. 
Ал жалғыз табыс көзінен айырылып қаламын деп қорыққан саудагерлер наразылық танытып, жолды бір сағатқа жауып тастады.


«Екі күн бұрын келіп, базар ішінде тұрған біздің орнымызды жабамыз деп ескерту берді. Бізді жұмыссыз қалдырып отыр. Орнымызды ешкімге бермейміз. Тіпті Орталық базар ішіне түнеуге дайынбыз», - деді сатушы Гүлжан Молдакешова.

Барлығы 200 орын жабылып, өрт қауіпсіздігі үшін базар іші қайта жарақталуы тиіс. Бұл жұмысты атқаруға 1 ай уақыт берілді.

null«Басқа базардан орын іздеуге көштім. Бізге 26 маусымға дейін уақыт берілген болатын. Оған дейін жұмыс істеп, ортақ шешім қабылдауға күш саламын. Біз де тығырықтан шыға алмай отырмыз. Егер төтенше жағдайлар департаментінің ұйғарымын орындамасақ, базар түгел жұмысын тоқтатады», - деді Орталық базар директоры Еламан Итеғұлов.

Айта кетейік, базар сатушыларының наразылығын тоқтатуға оқиға орнына қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, жергілікті полиция қызметкерлері мен облыс прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев келіп, халықты сабырға шақырды. Кейін қала әкімі Ілияс Испанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Нұрғалиев келіп, ортақ шешім қабылдау үшін жолды ашып, сөйлесуге ұсыныс жасады.

null«Кемеровадағы қайғылы оқиғадан соң тексеру болып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірнеше ұйғарым берілді. Біз бәрін заң аясында жасауымыз керек», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Сатушылар мен жергілікті әкімдік жиын өткізіп, арнайы жұмыс тобын құрды. Ал базар сатушылары 26 маусымға дейін өз жұмыстарын жалғастырып, оларға басқа орын қарастырылады.