Ақтөбедегі сот сараптама орталығының қызметкерлері басшының жұмыстан кетуін талап етті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде сот-медициналық сараптама орталығының қызметкерлері басшының жұмыстан кетуін талап етті. Әділет министріне 50-ден астам қызметкер ашық хат жазған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі сот сараптама орталығының қызметкерлері басшының жұмыстан кетуін талап етті

Ақтөбедегі сот-медициналық сараптама орталығына 18 наурыз күні жаңа директор тағайындалды. 36 жастағы Дәурен Аймақов арада бір ай өткенде барлық қызметкерлерімен шекісіп, ашық хат Әділет министрлігіне жетті.

«Жаңа басшы келген соң әрқайсысымызға тиісе бастады. Тіпті, сотқа беріп, шағым түсіретін болсаң, жұмыстан шығару үшін 10 себеп табамын деп қорқытты. Лас сөздер айтып, балағаттады»,- деді сот медициналық орталығының бөлім меңгерушісі Қайрат Байбосынов. Елімізде биыл сот медициналық орталық пен сот сараптамалық институты біріктірілген болатын. Екі мекеменің жаңа басшысы Ақтөбеге келіп, жұмысын бастаған күні-ақ қызметкерлеріне ауыр сөздер айтып, өзін танымағандардан жауап алған. Тіпті, «мен келе жатқанда орындарыңнан тұрыңдар» деп ескерту айтқан.

«Мен негізгі жұмысымды ысырып қойып, директордың хатшысы болып жүрмін. Жиналыстарда хаттама толтырып отырамын. Әр қадамымыз аңдулы, санаулы. Мәселен, лаборант, техникалық жұмысшылардан қанша пробирка, қанша метр еден жуғанын сұрайды»,- деді сот медициналық сарапшы-биолог Жанна Сатқұлова. Қызметкерлер жаңа басшының тосын мінезіне үйрене алмады. Олар жүйке тыныштандырып, сабырлылыққа шақыратын дәрі-дәрмекті қалтаға салып, кез келген сәтте бір-біріне көмек көрсетуге дайын отыр.

«Волидол, валерьянка қалтамызда жүреді. Жүйкеміз сыр беріп жүр. «Мәйітханаға жаңа ғимарат тұрғызылады, соған әрқайсың маған 20 минут ішінде мәйітхананың үлгісін сызып әкеп беріңдер» деді. Менің мамандығым биолог, сәулетші емеспін. Басшы талап еткен соң өз ойыммен сызып, апарып бердім»,- дейді сот медициналық орталығының бөлім меңгерушісі Ирина Ткаченко.

Айта кетейік, сот-медициналық орталық қызметкерлері жаңа басшы Дәурен Аймақовтың 2007 жылы Қылмыстық кодекстің «Билік немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша екі жыл мерзімге соттағанын анықтады. Осы деректен соң қызметкерлердің бәрі бірігіп,  Аймақовтан жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Ал сот сараптама орталығының директоры Дәурен Аймақов өзіне тағылған айыптаулармен мүлде келіспейді. Тіпті, «бұрын сотталған» деген айыпқа жіті дайындалып, 2008 жылы алған анықтамасын көрсетті.

«Сотталып, сотталмағандығым туралы ақпарат жеке басыма қатысты дерек болған соң ашық айтпаймын. Менің қолымда құжатым бар. Қазір орталықтағы қызметкерлердің шағымы бойынша қызметтік тексеру жұмысы басталды. Астанадан комиссия келді. Әділет министрлігі тексеру нәтижесі бойынша шешім шығаратын болады»,- деді Дәурен Аймақов.