Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккендерге маңғыстаулық мұнайшылар 52 млн теңге аударды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмектесу үшін маңғыстаулық мұнайшылар 52 миллион теңге аударды.
«Қолғанат Ақтөбе» қорына бір айда барлығы 124 миллон теңгеден астам қаржы түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі су тасқыны кезінде қалалық әкімдік арнайы комиссия құрып, «Қолғанат Ақтөбе» қорына бір күндік жалақыны аударуға шақырған болатын. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне көмектесу туралы тапсырма берді. Тіпті ауылға көшіп баратындар табылса, жер телімін бөліп, жұмыспен қамтамасыз етуге шақырды. Сөйтіп қорға бір ай ішінде 124 миллон теңге жиналды. Бәрінен маңғыстаулық мұнай компаниясы мол қаржы аударды. Мұнайшылар есепшотқа 52 миллион теңге салған.
«Қазақстанның басқа қалалары мұндай комақты қаржы жинаған жоқ. Мұнай компаниясы мен екінші деңгейлі банк ақша аударып, қор ақшасы бір мезетті 62 миллионға толықты. Қазір комиссия шешімімен зардап шеккендерге 32 миллион 737 мың теңге берілді. Күн сайын 15:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдарды қабылдаймыз, ал түнгі сағат 21:00-ге дейін ақша бөліп береміз. Күніне 50-60 адамды қабылдап, арыз-шағымын тыңдаймыз. Бәрі қайырымдылық шарасы»,- деді қордың жетекшісі Алтынай Ерешқызы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай , баспанасы құлап қалғандарға 1 миллион теңгенің сертификаты тапсырылған болатын. Қазіргі кезде жер телімі беріліп, 1 миллион теңгенің сертификаты үлестірілген адамдарға тиесілі ақшаның 30 пайызы құрылыс компаниясының есепшотына аударылды. Бұл - 15 миллион 600 мың теңге.
«Құрылыс компаниялары қажетті заттардың кейбірін тегін жеткізіп беріп жатыр. Кейбірін өз ақшасына тасымалдайды. Су тасқынынан зардап шеккендерге тек қазақстандықтар ғана емес, ресейліктер де көмектесті. «Киви кошелекте» 1,6 миллион теңгеден астам қаржы бар. Бірі 100 мың салса, бірі 2 мың теңгесін аударды. Адамдар қолдан келер көмегін беріп жатыр. Ақша аудару қарқыны бәсеңдегенімен, әлі де болса қор толығуда. Мәселен, Маңғыстау облысының белсенділігі жоғары. Олар әлі де есепшот нөмірін сұрап жатыр»,- деді А.Ерешқызы.