Ақтөбедегі жол-көлік оқиғасы кезінде қаза болған қыздың туыстары куәгерлерді іздеп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бір апта бұрын жол-көлік оқиғасы кезінде қаза болған Сюзанна Гамидованың апасы Екатерина Гамидова куәгерлерді іздеп жатыр. Ол бейнетіркеуіш түсірген видеоның да маңызды екенін айтып, көмек сұраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта бір апта бұрын жол-көлік оқиғасы болып, сол жерде 19 жастағы Сюзанна Гамидова қаза тапты .  Оқиға орнында 19 жастағы жүргінші жарақат алып, ауруханаға түсті. Жүргізуші де емделіп жатыр.   Адам өлімімен аяқталған жол апатынан соң Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті қылмыстық іс бойынша тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Арада бір апта өткен соң қаза болған Сюзанна Гамидованың апасы Екатерина Гамидова әлеуметтік желі арқылы ақтөбеліктерден көмек сұрап отыр.

«Мен күн сайын саябаққа барамын. Бұл қаланың орталығы, үлкен жолдың бойы. Адам көп шоғырланатын жерде бір ғана камера болған және ол бейнекамера басқа бағытты бақылауға арналған. Бұл не масқара! Куәгерлер, жол-көлік оқиғасын көзімен көрген адамдар, бізге хабарласыңыздар! Сол уақытта жолда болған жүргізушілер, бейнетіркеуішке түсірілген айғақ болса хабар күтеміз. Байланыс телефонымыз: +7 701 643 23 29, +7 775 634 44 00»,- деп жазды Екатерина Гамидова.

Қаза болған қыздың апасы өз жазбасында көңіл айтып келген туған-туыстарына, таныстары мен көршілеріне, ұстаздары мен сыныптастарына, қарапайым адамдарға алғысын білдірген.  

Айта кетейік, облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ауруханада ем қабылдап жатқан жүргізуші сауығып шыққан соң ғана қандай да бір шара қолданылатынын айтты.

«Тергеу жүріп жатқан соң Қылмыстық-процессуалдық кодекске сай ақпарат бере алмаймыз. Негізінен Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды, сот алды тергеу жүріп жатыр. Істің мән-жайы анықталуда.»,- деді облыстық ІІД баспасөз қызметі. 

Соңғы жаңалықтар