Ақтөбедегі жол құрылысында көптеген кемшіліктер анықталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Жол активтерінің ұлттық сапа» орталығының филиалы алғашқы тоқсандағы тексеру қортындысын жариялады. Жыл басынан бері 94 сынама алынып, бірқатар кемшілік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Республикалық деңгейдегі жолдарда 106 кемшілік анықталды. Сол бойда мердігерлерге ескерту жасалған еді. Кейбірі бірден түзетсе, 42-сі орындалмай отыр. Қазір қайта жаңартылып жатқан жолдардың құрылыс материалдарына сараптама жүргізіп жатырмыз. Осы күнге дейін 6 сынама стандартқа сәйкес болмай шықты. Көбінде қиыршық тас сапасыз. Тапсырыс беруші мен мердігерлерге де ескерту жасалды», - дейді Ақтөбе облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының зертхана меңгерушісі Нұрхат Балғабаев.
Ұлттық сапа орталығы мердігер компаниялардың жолды күтіп ұстауына қатысты да сын-ескертпелер айтты.
«Үш айда 106 кемшілікті анықтап, қазір соның 12-і орындалмады. Мысалы, Қандағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз бағытындағы жолдың 37-50 шақырым аралығы бүгілген, ой-шұңқыры көп. «Самара-Шымкент« тасжолынындағы асфальт жамылғысының ойылып, жарылуы көлік қозғалысына қауіпті. Қарабұтақ ауылынан Қостанайдың Сереный елді мекеніне барар жолда да осындай жағдай. Ақтөбе мен Орск арасындағы жол бойында белгілер дұрыс орнатылмаған немесе кейбір жерде жоқ», - дейді орталық инженері Қайрат Мусин.
Орталық жаз бойы өңірдегі жол құрылысын бақылап, кемшіліктер тіркелсе дер кезінде тапсырыс берушіге хабар беріп отырмақ.