Ақтөбеге 1,5 миллион бетперде жеткізіледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе билігі бетперде тапшылығын жою мақсатында 4,5 миллион дана медициналық маскаға тапсырыс берген болатын. Осы аптада оның 1,5 миллион данасы жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге 1,5 миллион бетперде жеткізіледі

Ақтөбе делдалдардан бас тартып, қытайлық өндіруші компанияға тікелей тапсырыс берді. Таяуда 1,5 млн дана бетперде жеткізіледі.

«Бүгін шекарадан өтті. Негізі өткен аптада жеткізілуі тиіс еді. Төтенше жағдайға байланысты кеш тасымалданды. Дәріханалар арқылы сатылады. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бағаға сәйкес бір данасының құны 118 теңгеден аспауы тиіс. Мониторинг жүргізіледі. Қандай да бір тауар елге кіргізілмес үшін арнайы стандарттар бойынша тексеріледі. Талапқа сай келмесе шекарадан өткізілмейді. Бұл жерде өндіруші елден қорқудың қажеті жоқ», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының Әсет Қалиев жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде.

Айта кетейік, Ақтөбеге Қытайдан гуманитарлық көмек келді. Оның ішінде бетперде, қызметкерлерге арналған қорғаныш киімдері бар. Бәрі медицина және құқық қорғау қызметкерлеріне, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға таратылды. Волонтерларға да берілді.