Ақтөбеге 150 жыл: Кәсіпкер жерасты жолын сыйға тартты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы бүгін 150 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің 150 жылдығы аясында алдымен саяси қайраткер Василий Зинченконың ескерткіші жаңа орынға ауыстырылды. В.Зинченко 1909 жылы Ақтөбеге келіп, депутаттар кеңесінің алғашқы төрағасы болған еді. Ол Қазақстан теміржолын қалпына келтіру, жаңарту жұмысына үлес қосып, ұзақ жылдар бойы кәсіподақ саласын басқарды. Кейін Ақтөбе қаласының мерейтойына кәсіпкер тарту еткен жерасты жолы қолданысқа берілді.

«Мәдени-бұқаралық шаралар жоспарланғанымен қаланың өркендеуіне алдымен тұрғындардың өздері үлес қосады. Бүгін кәсіпкер Төлеген Таңатаров бастама көтеріп, жерасты жолын салып берді. Мұнда мектеп орнасқан, демек қауіпсіздік үшін сый жасалды. Игі істер кәсіпкерлер үшін үлгі. Бұл үрдіс жалғасады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

«ТрансМостГрупп» ЖШС-і жерасты жолын «Туған жерге тағзым» акциясы аясында салды. Құрылыс жұмыстарына 60 миллион теңге жұмсалған. Әрі мұнда қауіпсіздік үшін бейнекамералар қондырылатын болады.

Айта кетейік, бүгін «Құтты мекен - Ақтөбе» атты мерекелік концерт өтеді. Ал кешке «Ауыл - ел бесігі» атты эстрада жұлдыздарының бағдарламасы жоспарланған.

Қаланың 150 жылдығына орай өңірдегі 12 аудан сый дайындады. Аудандар 8 саябақ салып, төртеуін жөндеуден өткізеді. Қала әкімінің баспасөз қызметінің айтуынша, жөндеу жұмыстары 22 мамыр күні басталып, 5 маусымға дейін жалғасады.

«Алға ауданы Мәңгілік алау маңын қалпына келтіруді көктемде бастады. Мұғалжар ауданы Жеңіс даңғылындағы саябақты жөндейді. Хромтау ауданы Әбілқайыр хан даңғылындағы саябақты ретке келтіріп, Әйтеке би, Қарғалы, Ырғыз, Ойыл, Темір, Мәртөк Есет батыр, Бөкенбай батыр көшелері, Сәңкібай батыр, Әлия Молдағұлова даңғылдарын көгалдандырып, абаттандырады. Қобда ауданы Едіге батырға ескерткіш орнатып, сол даңғылды жасап береді», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар