Ақтөбеге келген Өзбекстан елшісі полиция қызметкерлеріне алғыс айтты
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Өзбекстан республикасының Қазақстан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті. Әңгімелесу кезінде Ақтөбе облысы мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жайы талқыланды. «Біздің көшбасшыларымыздың арқасында мемлекетіміз арасындағы саяси байланыстар жаңа сапалы деңгейге шықты. Бұл өз кезегінде іскерлік байланыстың дамуына және Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасындағы өзара іс-қимылдың кеңеюіне жаңа серпін берді»,- деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 29,3 млн долларды құрады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына қажетті машина құрастыру, тігін және тоқыма бұйымдарын шығару, фармацевтика салаларында екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайы қозғалды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қосымша тасжол мен теміржолдың өткізу бекеттерін, жаңа әуе рейстерін ашу және өзге де өңіраралық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға септігін тигізетін сұрақтар қаралды.
«Қазақстан екі жақты қарым-қатынаста біздің стратегиялық әріптес болып табылады. Өңірлер арасындағы екі жақты байланысты қалыптастыру, дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Ақтөбе облысы зерттеліп жатыр. Индустрияның да, агроөнеркәсіптің де экономикалық әлеуеті жоғары. Бізге осы тұсы қызық. Кәсіпкерлер қазақстандық серіктестермен ынтымақтас болуға мүдделі»,- деп атап өтті Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев.
Елші Ақтөбе облыстық ролиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановпен де кездесті. Кездесу барысында биыл қазан айында өтетін Өзбекстандағы сайлау, сондай-ақ көші-қон процесі туралы талқыланды.
«Атығай Арыстанов полицияның сайлау кезінде тәртіпті қамтамасыз етіп, жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді. Сондай-ақ, қонақтар Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшылығына 2020 жылғы пандемия кезінде Өзбекстан азаматтарын Ресей Федерациясынан шығаруды ұйымдастыруға көрсеткені үшін алғысын білдірді»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.