Ақтөбеге кіреберіс трасса құрылысы неліктен тоқтап қалғаны айтылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Оңтүстік айналма жолдың құрылысын былтыр аяқтауы тиіс мердігер жоспарды орындамады. Әкімдік мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оңтүстік айналма» жолды жөндеу жұмыстары былтыр аяқталу керек еді. Алайда бас мердігер «КТП» ЖШС міндетін атқара алмады.
«Мердігер салыққа, жеткізушілерге қарыз болып қалған. Бұл оның өз міндетін атқаруға кедергі болды. Биыл жұмыстар ауа райы қолайлы болған кезде, сәуір айының соңы, мамыр айының басында басталады. Күзге дейін асфальт төселіп, жыл соңына дейін жаяу жүргіншілер жолдары мен бағдаршам дабылын орнату, жарықтандыру жұмыстары аяқталуы тиіс»,- деп жеткізді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары басталған республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қандыағаш» жолы «Оңтүстік айналма» жолының жалғасы. Тасжолдың қазіргі жағдайы жүргізушілердің наразылығын тудырды.
«Жоба – ауқымды, үш жылға есептелген. Оны жол құрылысы жұмыстарының бір кезеңінде аяқтау мүмкін емес. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолда қыс пен көктемде мұндай жағдайлар болмай қоймайды. Тұрғындар наразы, түсінеміз. Мен мердігерлердің атынан, өз атымнан облыс тұрғындарынан, көлік жүргізушілерінен келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Жер кепкен бойда, шамамен, сәуір айының соңында асфальт төсеуді бастаймыз. Әзірге уақытша проблемалық жерлерді көміп, тегістейтін боламыз»,- деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Ақтөбедегі облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.


Жол қалпына келтірілгеннен кейін төртжолақты болады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың күзінде Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі аралықтағы екі жолақ қолданысқа берілуі тиіс. Жалпы, Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының 11-ден 100 шақырымға дейінгі бөлігін қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылы аяқталады.


