Ақтөбеге Польшадан чартерлік рейспен келген студенттерден коронавирус анықталмады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласына Польшадан 100-ден астам студент келді. Олар еліміздің әр өңірінің тумасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге Польшадан чартерлік рейспен келген студенттерден коронавирус анықталмады

Ақтөбе қаласы бойынша 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болатын. Оның төртеуі бұрын індетке шалдыққандардан вирус жұқтырып алған. Қазіргі уақытта бір адам емделіп шықты. Ал 8 адамның жағдайы қанағаттанарлық, екеуінің жағдайы орташа ауыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, осы аптада тағы бірнеше адам ауруханадан шығарылуы мүмкін.

«Чартерлік рейспен Еуропадан студенттер келді. 116 студенттен анализ алынды, ешкімнен вирус анықталмады. Бұл қуанышты жағдай. Тек ақтөбелік емес, өзге өңірдің жастары да бар. Біз бақылауды әрі қарай жалғастырамыз», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Қазір студенттер М.Оспанов атындағы БҚММУ жатақханасында жатыр.

«Еліміздің өзге өңірінің жастары ауылына кетеді. Нұр – Сұлтан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан көлік келеді. Ал ақтөбелік жастар ертең үйлеріне жіберіліп, 14 күн бақылауда болады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, қазіргі таңда үйдегі карантинде 1835 адам бар. Оларды дәрігерлер бақылап отыр.

«Қауіп сейілген жоқ. Сондықтан карантиндегі адамдардың бәрі үнемі бақылауда болады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ақтөбе облысы бойынша қазір 120 жасанды тыныс алу аппараты бар. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 20 аппаратқа тапсырыс берілді.