Ақтөбеге Ресей мен Өзбекстаннан гуманитарлық көмек жетті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе облысына Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келді. Тауарды «COVID 19» мониторинг тобы қабылдап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге Ресей мен Өзбекстаннан гуманитарлық көмек жетті

«COVID 19» мониторинг тобы еліміздегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі және Денсаулық сақтау министрі арасындағы меморандум аясында құрылған болатын. Белсенділер гуманитарлық көмекті аурухана, дәріхана, дәрігерлерге бөліп, дәріханадағы бағаны бақылауға қатысады. Өзбекстаннан жеткізілген гуманитарлық көмек арасында 500 мың қолғап пен 480 мың дана маска бар. Оны

«Антикор орталығының» өкілдері, еріктілер күтіп алды. Алдымен Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына әкелініп, одан соң ауруханаларға таратылады.

«Ақтөбеге Ресейден де гуманитарлық көмек келді. Онда 90 мың қорғаныш костюмі, 10 мың маска, 920 дана вирусқа қарсы «Коронавир» препараты бар. Жүк «Шағала» шипажайындағы провизорлық орталыққа жеткізілді. Одан әрі өзге ауруханалар мен аудандарға таратылады. Еріктілер әр дәрінің діттеген жеріне жетуін қамтамасыз етеді», - деп хабарлады «COVID 19 қоғамдық бақылау» тобының мүшесі Рафик Тазтдинов.