Ақтөбелік 100 талапкер еліміздің үздік оқу орындарында тегін білім алады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жергілікті әкімдік 100 талапкерді тегін оқытады. Барлығы 28 мамандық арнайы таңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік 100 талапкер еліміздің үздік оқу орындарында тегін білім алады

Ақтөбе облысына қажетті мамандар жергілікті бюджет есебінен оқытылады. Білім алған жас мамандар кейін белгіленген орында еңбек етуге міндетті. Биыл өңірде 28 мамандық арнайы іріктелді. Медицина, дін, көлік-логистика, дизайн, педагогика, ауыл шаруашылығы саласына 100 грант берілді.

«Ақтөбе облысы әкімдігінің конкурстық комиссиясы өңірге әр саладан қажетті 28 мамандықты таңдап алды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жергілікті бюджеттен бөлінетін грант саны - 100. 2018 - 2019 оқу жылдарына осы сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарын жүзеге асыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындары анықталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 5 - 10 тамыз аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясында қабылданады»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Айта кетейік, мемлкеттік грант бойынша үш талапкер «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениет университетінде исламтану, дінтану мамандықтарын меңгереді. Сонымен қатар, тізімде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті бар. Әрі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда дәстүрлі музыка, дирежерлеу мамандығына, М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясында логистика мен стандарттау және сертификаттау мамандықтарына грант бөлініп отыр.