19:00, 10 Қараша 2011 | GMT +5
Ақтөбелік 23 жасар азаматша екі ер азаматты 250 мың теңгеге тақырға отырғызды
АҚТӨБЕ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбелік 23 жасар азаматша 250 мың теңгеге алаяқтық жасады деп күдіктелуде.
Облыстық ІІД болған брифинг барысында полицейлер хабарлағандай, қазан айының соңында полицияға екі жәбір көрген азамат арызданып келді. 49 және 38 жастағы ер азаматтардың айтуынша, өздерін аз таныс қыз алдап соққан. Сәуір мен шілде аралығында ол қыз екеуінен ақша алып, шетелдік фирмаға жақсы жұмысқа орналастырам деп уәде еткен. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ ізін суытты.
Құқық қорғаушылар алаяқты көпке ұзатпай қолға түсірді. Ол ақшаны өз қажетіне жаратып тастағанын мойындады. Қазір оған қатысты ҚР ҚК 177-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті азаматшадан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Оның осы секілді өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.