Ақтөбелік 38500 бала жазғы демалыспен қамтылады
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қалалық әкімдікте өткен отырысында жазғы демалысты ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және олардың бос уақыттарын қамту мәселелері қаралды.
Ақтөбе қаласы білім бөлімінің бастығы Айгүл Арынғазиеваның айтуынша, тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы отбасылардан шыққан 960 бала, сондай-ақ қамқоршылардың қолында тәрбиеленіп жатқан балалар биыл жазда қаза сыртындағы «Достық», «Әсем», «Энергетик» лагерьерінде және «Ақбөбек» оңалту орталығында демалады. Тағы 10 424 бала ата-аналарының есебінен лагерьлерге аттанады.
Оған қоса, 25 мектептің жанынан ұйымдастырылатын лагерьлерде 1,5 мыңнан астам ақтөбелік балдырған демалмақ. 67 орта мектептің базасында үш ауысымда ұйымдастырылатын балалар алаңдары 6 500 баланы қабылдайтын болады.
Ал орта буынның 16 мың оқушысы жазғы еңбек тәжірибесіне тартылмақ. Тағы 3 мыңдай оқушы жас натуралистер стансысының тәжірибе учаскелерінде жазғы демалыстарын өткізеді.