Ақтөбелік 400 курсант алғашқылардың бірі болып дауыс берді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқылардың бірі болып Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары таңдау жасады. Олардың арасында алғаш рет дауыс берген азаматтар бар.
"Қазақстан Президентін сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. Мен, болашақ офицер ретінде өз дауысымның елдің тұрақтылығына әсер ететініне сенімдімін. Мен елімді мықты, дамыған ел ретінде көргім келеді. Жемқорлықтан ада, ертеңіне сенімді елде тұрғым келеді. Сондықтан да мен өз таңдауымды жасадым", - деді бірінші курс курсанты Мәди Темірғалиев.
Әскери институттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы 1700 адам дауыс беруге қатысты. Олардың 600-ге жуығы офицерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген әскерилер. Ал 200-ге жуығы жұмысшы, 400-ден астамы курсант.