Ақтөбелік ардагерлер отбасы құндылықтарына немқұрайлы қарайтын жастарға алаңдаулы
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ардагерлер ұйымының 30 жылдығына арналған конференция өтті. Жиын кезінде ардагерлер өздерін алаңдатқан мәселер жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ардагерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастар тәрбиесіне бағытталған жұмысты талқылауға арналған жиынға бұрын аудан, ауылды басқарған, тынымсыз еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан аға буын жиналды. Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірмановтың айтуынша, өңірде 88 мыңға жуық ардагер бар. Оның 92-сі Ұлы Отан соғысының ардагері, 7 мыңнан астамы тыл еңбеккері.
«Аға буын өкілдерінің басты мақсаты - атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық жәдігерлерімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу, отбасы құндылықтарына баса назар аудару, тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді құрметтеу жұмыстарын жандандыру. Әсіресе жастардың тәрбиесіне аса көңіл бөліп, оларды қарапайымдылық пен қайырымдылыққа, үнемшілдікке үйрету керек. Қазіргі кезде отбасының бүгіні мен келешегі үлкен проблемаға айналып отыр. Батысқа еліктеген көптеген жастарымыз өмірге тым жеңіл қарайтын болды. Елімізде ажырасу жылдан-жылға белең алып барады. Ақпараттық басылымдарда келтірілген деректер бойынша Қазақстанда некесіз туған балалар саны 80 мыңға жеткен. Жасанды түсік жасату 150 мыңнан 400 мыңға өскен. 182 мыңнан астам қыз 30 жастан асса да әлі тұрмыс құрмаған. Осының бәрі бүкіл қоғамды, оның ішінде ардагерлерді де ойландыратын мәселелер. Біз ұрпағымызды елдің патриоты етіп тәрбиелеу үшін үлкен үлес қосуымыз керек»,- деді Кеңес Бірманов.
Оның айтуынша, әр ауылда, ауданда ақыл-кеңес беретін орталықтар ұйымдастырып, оған сол өңірге сөзін жүргізе алатын, айтары бар азаматтарды тарту қажет. Сол кезде жастар мен ардагерлер арасында түсіністік, сенімділік орнайды.
«Барлығы отбасыдан басталады. Кейінгі кезде халқымызға, мемлекетімізге жат дәстүрлі емес діндер, қыздардың киімі, екпеден бас тарту мәселесі алаңдатады. Билік жұмыс істеп, шара қолданып жатыр. Бірақ көп нәрсені ақылмен, әңгімемен, кездесумен шешуміз қажет. Осы жерде бізге сіздердің көмектеріңіз қажет. Жүрген жерде айтып, насихаттаған жөн. Себебі, бәрі біздің баламыз, немереміз, ағайынымыз, жекжатымыз. Көп нәрсе адамның сана-сезіміне байланысты. Санасы бар бала басқа дінге, бұзақылыққа, заң бұзушылыққа бармайды»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы балалар тәрбиесінде ата-аналар тарапынан бақылаудың жоқ екенін айтты.
Кездесу кезінде 52 ардагер Орталық ардагерлер кеңесінің арнайы медалімен, дипломмен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.