Ақтөбелік ата-аналар мектепке жаңа парта сатып алып бермек болды
Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектепте 1 мыңға жуық білім алады. Жаңа оқу маусымында мектептің 2 сыныбына парта сатып алынды. Мемлекеттік тапсырыспен алынған парта бастауыш класқа бөлінген. Ал жоғары сынып оқушылары ескі парта, үстелде отыр. Киімдерін бүлдіріп келетін оқушылардың ата-аналары бұл жолы жиналыс өткізіп, жаңасын сатып алуды жоспарлаған. Бірақ кейбір ата-ана бұл ұсынысқа қарсы шығып, бейнематериалды әлеуметтік желі арқылы таратып жіберді. Қазіргі уақытта Ақтөбе қалалық білім бөлімі мектеп директоры мен сынып жетекшісінен түсініктеме алып жатыр.
«Ақтөбе қаласы бойынша барлық мектеп басшылығына сынып қорына, түрлі қажеттіліктерге ақша жинауға тыйым салынғаны туралы ескерту берілді. Бұйрықты мектеп директорлары біледі. Сонымен қатар, биыл барлық мектепке екі сыныпты қамтитын парта берілді. Ал №22 мектептегі ата-аналары жиыны туралы бейнежазба қазір зерделеніп жатыр. Жиналыста мектеп басшылығы мен сынып жетекшісі жоқ. Ата-аналар өздері жиын өткізіп, пікірталас өткізіп жатыр. Біреуі баласының жақсы партада отырғанын қалаған болуы мүмкін. Басшылық тек ата-аналарды сынып ішінде жалғыз қалдырғаны үшін жауап береді»,- деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанова.
Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектеп директоры Айгүл Алдиярова сынып ішіндегі партаның мүжілгенін растады.
«Ана-аналар демеушілік жасап, парталарды ауыстырғысы келді. Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған ұсынысты өздері айтып, ата-аналар жиналыста талқыға салды. Ешкім міндеттеген жоқ. Негізі биыл бізге парта берілді. Бірақ бәрі бастауыш сыныпқа бөлінді. Кейін тағы да қаржы бөлініп, парта ауыстыру жұмыстары жалғасады», - деді Айгүл Алдиярова.