Ақтөбелік азамат ислам дінін таратушы Досжан ишанның мөріне 1 млн теңге сұрап отыр

Ақтөбе облысы, Темір ауданындағы мұражайда 3 мыңнан астам жәдігер бар. Ең құндысы - қазақ-қалмақ соғысындағы найза мен жебенің ұшы. ХVІІІ ғасырға тән жәдігер қазір мұражайда сақтаулы тұр.
«Кіші жүздің қазақтары мен Еділ қалмақтары арасындағы соғыс кезінде 25 мың қазақ 30 мың қалмаққа қарсы тұрған.Темір ауданының Қалмаққырған мен Кеңесту ауылдары маңына жасалған археологиялық зерттеу кезінде табылған найза мен жебенің ұшы бізде сақтаулы тұр»,- деді Темір аудандық музейінің кіші ғылыми қызметкері Нұрбол Қуанбаев. Сонымен қатар, Нұрлан Жақыбаев пен Е.Сәлиев секілді темір мен теріден ұлттық бұйымдар жасайтын жергілікті шебердің туындылары музейге қойылған. Мұражай жәдігерлері көбіне адамдардың қолындағы тарихи заттармен толығып отырады.
«Көбіне ХХ ғасырда жасалған заттар сыйға беріледі. Кейде облыстық мәдениет басқармасы арнайы қаржы бөліп, музейге құнды заттарды сатып аламыз. Біз Досжан ишанның мөріне қол жеткізе алмай жүрміз. Бір тұрғын Досжан ишанның әкесі Қашақтың ағаштан жасалған мөрін өзінде ұстап отыр. Түпнұсқаны ешкімге берер емес. Бағасын 1 миллион теңгеге бағалады. Бұл қымбат»,- деді Нұрбол Қуанбаев.
Айта кетейік, Досжан ишан еліміздің батыс өңірінде ислам дінін таратып, дамытқан ағартушы. Деректерге сүйенсек, ХІХ ғасында Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылыққа барған. Кейін екі мешіт салғызған.