Ақтөбелік дәрігерлер БҰҰ-ның арнайы қоры арқылы біліктіліктерін арттырмақ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеге БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі Джулия Валезе келді. Іссапар кезінде ана мен бала денсауығын сақтау, өлім көрсеткішін азайтуға бағытталған жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік дәрігерлер БҰҰ-ның арнайы қоры арқылы біліктіліктерін арттырмақ

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі Джулия Валеземен кездесті. Кездесуде ана мен бала денсаулығын сақтау, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау жобасы қорытындыланды. Нәтижесінде 65 дәрігер мен 120 орта буын медицина қызметкері семинарлармен және тренингтерге қатысып, 50 маман жатырдағы ұрықтың күтімін жасауды меңгерді. БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қоры ана мен бала денсаулығын нығайту, ана мен перинаталды өлім-жітімді азайту мақсатында жаңа технологияларды енгізуге қолдау көрсетті. Әрі колледжтің оқытушылары репродуктивті денсаулықты қорғауға бағытталған «Валеология» курсын тәмамдады.

«Жастар бір-біріне көбірек сенеді. Сондықтан, жасөспірімдердің көшбасшылық және коммуникативтік қасиеттерін арттыру мақсатында Ақтөбеде Y-PEER ерікті жастар ұйымын ашуға қолдау көрсетуді шештік»,-деді Д.Валезе.

БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қоры мен Ақтөбе әкімдігі жұмысты әрі қарай жалғастыруды мақсат етіп отыр.

«Қазақстанда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға баса назар аударылады. Меморандум аясында жүзеге асырылған шаралардың арқасында біз аналардың денсаулығы мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау сұрақтарына байланысты бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Сіздердің мамандарыңыздың тәжірибелеріне баға жетпейді»,-деді Бердібек Сапарбаев.