Ақтөбелік депутаттар екі ауданға Алматы мен Астана атауын беруді қолдады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық мәслихаты қалада құрылған екі ауданға Астана мен Алматы атауын беруді қолдады. Ұсыныс республикалық ономастика комиссиясына жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік депутаттар екі ауданға Алматы мен Астана атауын беруді қолдады

Ақтөбеліктер екі ауданды құрып, оған Астана мен Алматы атауын беруді талқылаған болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, драма театр мен қалалық мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтіп, Астана, Алматы, Елек пен Қарғалы, Әбілқайыр хан, Есет батыр, Бөкенбай батыр, Алаш пен Азат атауын беру ұсынылды.  Кейін қалалық мәслихат депутаттары екі ауданға Алматы мен Астана атауын беруді қолдап, бүгін бұл сұрақ облыстық мәлихатта қаралды. Депутаттардың алдына шыққан қала әкімі Ілияс Испанов аудандарға атау берудің басымдығына тоқталды.

null«Астана мен Алматы атаулары ұсынылып, көпшілік қолдады. Астана - Қазақстан Республикасының елордасы. Астана елдің орталығы деген маңынаны білдіреді. Әрі Астананың 20 жылдығы болады. Осы уақыт аралығында Астана арқылы дүниежүзі елімізді таныды. Ал Алматы 1929 жылдан бастап 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды. Рухани, қаржылық, мәдени орталығымыз болып қалады. Екі қала да қарқынды дамып келеді. Баланың атын бергенде сол атқа сай болсын деп армандап қоятын болған. Халықтың ұсынысы да осыған саяды», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.
  null

Айта кетейік, ұсыныс бойынша теміржолдың бір жағы Алматы, екінші беті Астана болады. Алдағы уақытта қаладағы бес селолық округ әкімдігі жойылып, екі ауданға беріледі. Облыстық мәслихат сессиясында депутат Нұрлан Сағыналин алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларының әкімін шақырып, жаңа ауданның тұсаукесерін жасауды сұрады. Сессия кезінде облыстық мәслихат депутаттары ұсынысты бірауыздан қолдады.