Ақтөбелік еріктілер із-түзсіз жоғалып кеткен студентті иісшіл итпен іздестіріп жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының Ойыл ауданында білім алып жүрген Ербол Әбдіғали 20 күн бұрын жоғалып кетті. Еріктілер дала мен қаңырап тұрған ғимараттарды, бау-бақша ұжымдарын аралап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік еріктілер із-түзсіз жоғалып кеткен студентті иісшіл итпен іздестіріп жатыр

Ербол Әбдіғали бір айдан соң 18 жасқа толады. Ол Ақтөбе қаласында туыстарының үйінде тұрған, кейін Ойыл ауданындағы оқу орнына қайта оралмақ болған. Бірақ сол күні хабарсыз кетіп, бірнеше күннен соң туыстары полиция бөліміне арыз түсіреді. Іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, еш нәтиже жоқ. Қазіргі кезде ақтөбелік еріктілер иісшіл иттің көмегімен бау-бақша ұжымын, қаңырап тұрған ғимарат іші мен далалы жерлерде іздеу жұмыстарын жалғастырды.

«Ерболдан еш хабар жоқ. Ол ауылға баратын таскиге мінбеген. Біздің ойымызша, ол Ақтөбе қаласында болуы мүмкін. Себебі, автовокзал, теміржол вокзалы мен такси қызметінен сұрастырған болатынбыз. Ол билет алмаған. Біз қала ішіндегі көпқабатты үйлердің жертөлесін де қарап шықтық», - деді ерікті Бақытғали Оразғалиев.

Еске салсақ, Ербол Әбдіғали 17 ақпан күні жоғалды. Содан бері оны көрген ешкім жоқ.